Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ауысты. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлайды.
Хабарламада «Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәдина Ерасылқызы Әбілқасымова Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметіне тағайындалды», делінген.
Мәдина Ерасылқызы 1978 жылы 1 тамызда туған. 1999 жылы Қазақ Мемлекеттік Басқару Академиясын «халықаралық экономикалық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген. 2002 жылы Колумбия университетін халықаралық қатынастар магистрі дәрежесімен «экономикалық саясатты басқару» мамандығы бойынша бітірген. 2011 жылы Гарвард университетінің Кеннеди атындағы Мемлекеттік басқару мектебін «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша бітірген Еңбек жолын 1999 жылдан 2001 жылға дейін – Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау агенттігінің бас маманы болып бастаған.
2003 жылдан 2004 жылға дейін – Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің стратегиялық жоспарлау басқармасының бастығы. 2004 жылдан 2006 жылға дейін – «Маркетингтік-талдамалық зерттеулер орталығы» АҚ мемлекеттік саясатты талдау департаментінің директоры.
2012 жылдан бастап Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы басқарушысының орынбасары 2013 жылғы ақпаннан 2014 жылғы тамызға дейін – Қазақстан Республикасының Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. Тағайындауға дейін 2014 жылдың тамызынан бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарды.
«Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл», ІІ дәрежелі «Еуразиялық экономикалық одағын құруға қосқан үлесі үшін», «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл» медальдарымен марапатталған.
Арслан Али