7 мамыр, Жамбыл облысының Қордай ауданындағы «Отар» әскери базасында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Отан қорғаушылар күніне арналған жауынгерлік парад өтті, деп хабарлайды Қазақпарат.
Жауынгерлік парад барысында Елбасы барша қазақстандықтарды 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен құттықтады.
Мемлекет басшысы: Қымбатты қазақстандықтар, сардарлар мен сарбаздар! Қадірлі ардагерлер! Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Баһадүр бабалар Ұлы даламызды ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғап, бізге аманат етіп қалдырды. «Ұранды елдің ұрпағы айбарлы келеді» деген дана халқымыз. Бүгінгі айбынды армиямыз үшін елдің тыныштығын сақтап, Тәуелсіздіктің қорғаны болу мәртебелі зор міндет. Жаужүрек жауынгерлердің көтеретін жүгі ауыр. Бірақ ол абыройлы борыш, қастерлі парыз. Қарулы Күштеріміз халқымыздың сенімді тірегі, мемлекеттің берік қалқаны.
Айта кетейік, әскери парадқа 3 мыңнан астам әскери қызметкер, 300-ден аса әскери техника және 40 әуе көлігі жұмылдырылған.