29 шілдеде Алматыда 69 жасында режиссер, оппозиция қайраткері Болат Атабаев дүниеден озды. Бұл туралы белсенділер мен құқық қорғаушылар хабарлады.
Болат Атабаев соңғы 2-3 күн Қалқамандағы 7 аурухананың жансақтау бөліміне бүйрегіне суық тиіп түскен болатын. Бүгін таңертең дүниеден өтті. Келесі жылы жетпіске келетін режиссер қазақ театрына реформа жасаған қайраткер. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Гете медалінің иегері.
Режиссер былтыр Германияда ауыр операцияны бастан кешірген. Оның Қазақстанға оралғанына көп болмаған.
Болат Атабаев Қазақстанда саяси-қоғамдық мәселелерге өткір пікір айтумен танымал болды. Билікті сынады. Түрлі оппозициялық ұйымдарды қолдаған режиссер оппозициялық белсенділігі үшін қуғындалды. Жаңаөзен оқиғасынан кейін “әлеуметтік араздық қоздыру” бабы бойынша қамалып, қоғам және халықаралық қауымдастық қысымынан кейін босатылды. Бірақ оған қоқан-лоқы, қысым тыйылған жоқ, соның салдарынан шетелге кетуге мәжбүр болған.