Қазақстан Қырғызстанға “QazVac” вакцинасының 25 000 дозасын жіберді

0
194
Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев, Қазақстан елшісі Рәпіл Жошыбаев

28 шілдеде Қырғызстанға COVID-19 пандемиясымен күрестегі ынтымақтастық шеңберінде Қазақстаннан “QazVac” коронавирусқа қарсы вакцинасының 25 000 дозасы көмек ретінде жеткізілді. Бұл туралы сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Вакцинаны Бішкекте тапсыру рәсімі Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев, Қазақстан елшісі Рәпіл Жошыбаев және медициналық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен өтті. Министр А.Бейшеналиев елде коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуына қарсы іс-қимылда маңызды қолдау көрсеткені үшін Қазақстан тарапына шынайы ризашылығын білдірді.

“Біз Astra Zeneca, Sputnik V және басқа да шетелдік вакциналармен бірге қырғызстандықтар QazVac-пен де екпе алатынына қуаныштымыз”, – деді Қырғызстан денсаулық сақтау министрі Алымкадыр Бейшеналиев.

Өз кезегінде Р. Жошыбаев вакцинаны жеткізуді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен келіссөздерінің нәтижелері бойынша берген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Үкіметі ұйымдастырғанын атап өтті.

“Қырғызстан біздің достарымыз бен халықаралық серіктестеріміздің арасында бірінші болып коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина алады, бұл елдеріміз арасындағы достық пен тату көршілестік қатынастарын тағы да растайды», – деп атап өтті елші Рәпіл Жошыбаев.

Қазақстанда клиникалық сынақтар мен оны кеңінен қолдану тәжірибесі «QazVac» вакцинасының қауіпсіздігін және оның коронавирустық инфекция мен оның ауыр түрлерін жұқтырудың алдын алуда жоғары тиімділігін (90%-дан астам) көрсетті. «QazVac»-пен вакциналау 18 жастан асқан адамдарға ұсынылады және бұлшықет ішіне екі кезеңде жүргізіледі, олардың арасындағы ұсынылатын аралық 21 күнді құрайды. Салалық органдар отандық вакцинаға келісім алу үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен жұмыс жүргізіп жатыр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз