Мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес Геннадий Головкиннің «Канело алғашқы жекпе-жек алдында да допинг пайдаланған болуы мүмкін» деген мәлімдемесіне қарсы әдепсіз әрі қатаң жауап берді. Бұл туралы sports.kz хабарлады.
WBC, WBA (Супер), IBF және IBO орташа салмақта әлем чемпионы, қазақстандық Геннадий Головкин «Канеолны» 16 қыркүйекте Лас-Вегаста өткен алғашқы жекпе-жекте де допинг пайдаланған болуы мүмкін деп мәлімдеген болатын.
6 наурызда Мексикалық боксшы Сауль Альварес Геннадий Головкинмен екінші жекпе-жегі қарсаңында ұйымдастырылған допинг сынағынан өте алмады. Сауль Альварестің допинг-сынамасынан «кленбутерол» атты препарат табылған. Бұл дәрі адамның бұлшықет массасын өсіруіне және майды жоюына көмектеседі. Спорттан тыс бұл препарат жануарларды семіртуде қолданылады. «Golden Boy»-дың мәлімдемесінде Альварестің ағзасына бұл препарат зарарлы ет арқылы енген болуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Дегенмен, Канело ізін суытпай тексерістен өтіп, қайта тапсырған допинг сынағынан тағы да сүрінді.
Альварестің «допинг дауы» ушыға түсті ме? WBC басшысы Головкиннің айыптауларынан кейін «Бұл біз білетін «GGG» емес» деп мәлімдеді.
Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурисио Сулейман: «Біз Головкиннің бірінші рет боксшы ретінде әрекет еткенін көріп отырмыз. Әдетте, ол барлық кезде ешкімге, еш нәрсеге қатысты қарсы пікір білдірмейтін. Ол тергеу жүргізілуін талап етуге құқылы, алайда мен оның кейбір мәселелерді шатастырып тұрғанын сеземін. Бұл біз білетін «GGG» емес. «Канело» қолдарына арнайы таңғыштар салынуына қатысты наразылықтар туралы білетінмін, бірақ, оның Альвареске қатысты «арсыз боксшы» ретінде айтып отырғаны туралы білген жоқпын.
Бұл – осы уақыт аралығында жиналып қалған жабырқау мен шаршаудың белгісі болса керек. Ол бірінші жекпе-жекті алу үшін көп нәрсені құрбан етті, енді міне – екінші кездесу. Головкин – осы спорт түріне көп еңбек сіңірген боксшы, ол үлгілі спортшы, алайда, ол да «жарылды», онда мұндай бұрын болған емес. Жақын уақытта бұл әңгіменің барлығы тоқтап, оның осы кездесуін ешкім тартып алмайды деп үміттенемін. Бірақ, шешімді Невада атлетикалық комиссиясы қабылдайды», – деді.
Қазақстандық былғары қолғап шебері, әлем чемпионы Фмруза Шарипова Альварестің допинг мәселесіне қатысты: «Альварес допингпен ұсталған екен, енді Головкинді балағаттап дөрекілік көрсетудің орнына үнсіз қалғаны дұрыс еді. Нендей жағдай болмасын Альварес бұл күресте жеңіліс тапты», – деп мәлімдеді.