Абай облысындағы өрт қайдан шықты? Президент не үшін кешірім сұрады?

0
518

Бірнеше күннен бері ел назары Абай облысындағы өртке ауды. Алғашқыда жеңіл желпі болып көрінген қызыл от, ойлағаннан әлдеқандай күшті болып шықты. Кеше мемлекет басшысы өңірге арнайы барып еді, біраз былықтың бетін ашты. Барлығын басынан баяндайық.

Қателік басында болған…

8 маусым күні сағат 12:03 Семей қаласының күштері мен құралдары жедел басқару орталығына Батпай орман алқабында 66-шы кварталда орман жануы туралы хабарлама келіп түскен болатын. “Өрт найзағайдан шықты деген болжам бар. Өрттің ауданы анықталып жатыр”, – делінген ресми мәліметте. Тиісінше өртті ауыздықтауға арнайы мамандар жіберілген. Дегенмен, тапсырма орындалмады, от тілі орманды шарпыды. Кейіннен барып қана әкімдер мен министрлікке хабар берілді. Міне, қателік осы жерде болған. Бұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сапар аясындағы кездесуде атап өтті. Өйткені, қосымша күштер дер кезінде жіберілмеген.


Президент сапары

Сол кездегі ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Викторович Ильин аталған жағдай туралы Қасым-Жомарт Тоқаевқа тек ертесі күні кешке яғни, 9 маусым жұма күні кешке жағдай қиындаған кезде хабарлаған. Артынша президент Вьетнамға сапарын кейінге шегерген. Ал маусымның 10 күні Абай облысында өрт жалғасып жатқан шақта президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай министрі  Юрий Ильинді қызметінен босатты. Осы кезде әлеуметтік желілерде 14 өрт сөндірушінің жоғалып кеткендігін, кейбір мәліметтер бойынша ажал құшқандығы айтылып жүрген еді. Ертесіне осы мәліметтер расталды.

Абыр-сабыр мемлекет басшысының Абай ауданына барады деген ақпаратынан басталды. БАҚ беттерінде жылдап жөнделмеген жолдар жөнделе бастағаны туралы хабарлар тарады. 11 маусымда президент Абай облысындағы өрт аумағын тікұшақпен аралап көріп, өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесіп, көңіл айтты.

«Көңіл айтуға арнайы келіп отырмын. Бұл – бүкіл халқымыз үшін үлкен қасірет. Еліміздің қайғысы. Бекем болыңыздар. Орны толмас қайғы екенін түсінемін. Сіздерге жан-жақты көмек көрсету жөнінде Үкіметке тапсырма бердім. Үкіметке немесе маған жеке өтініштеріңіз болса, айтыңыздар. Барлық өтінішті орындаймыз»,-деді президент.

Осы кездесуде біраз былықтың беті ашылды. Қайтыс болған марқұмның артындағылар жоғарыда айтып өткен жол мәселесін, өрт сөндіру жұмыстарына жеке көліктерін пайдаланғанын, басшылықтың күмәнді әркекеттерін айтты.

«Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Мен сіздер үшін жауаптымын. Мен Мемлекет басшысы ретінде болған жағдай үшін кешірім сұраймын. Өте ауыр жағдай екенін түсінемін. Асыраушыларыңызды, отағасын, ең жақын туыстарыңызды жоғалттыңыздар. Өкінішке қарай, өмірде мұндай қайғылы жайттар болады.  Мұны ақтайтын ешқандай  себеп жоқ», -деген президенттің кешірім сұраған сөзін көпшілік сүйсіне қабылдады.

Одан соң Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысын өткізді. Жиын табиғат апаты кезінде қаза тапқан азаматтарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Кейін жауапты мамандардың есебін тыңдап, қатаң ескертулер жасады. Нақтырағы, Төтенше жағдайлар жөніндегі вице-министр Марат Күлдіковтің сөзін бөліп, сын-ескертпелер жасады.

«Мен қызметінен босатқан министр өзінің тікелей қызметтік міндетін орындауға неге мүлдем немқұрайлы қарайды?! 14 адам қаза тапты. Сіз осыны түсінесіз бе? Мен олардың отбасыларымен кездестім. Бұл азаматтар өз отбасының перзенттері, отағасы болатын. Бір отбасында екі жасар бала жетім қалды. Адамдардың артында несиелері қалды. Олар отбасының жалғыз асыраушысы еді. Министр келмеді, облыс әкімі тым баяу қозғалды, орынбасарларын жіберді. Жұмысқа деген қандай қарым-қатынас?! Осы жөнінде есеп беріңіз! Нақты сұрақ – неге қате болжам жасалды?», деді президент.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялады.

«Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан  жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын.  Негізі, мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек». Бұдан бөлек, Төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысынан кейін өрт сөндіруге жұмылдырылған құтқарушылармен және еріктілермен кездесті. Абай облысында орын алған төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін бір топ азамат «Құрмет» орденімен марапатталды. Сонымен қатар, «12 маусым – Жалпыұлттық аза тұту күні» деп жариялады. Абай облысындағы өртпен күрес әлі де жалғасуда…


ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз