Ұмыт қалған қазақтың “титанигі”

0
873

Қойнауына талай сыр бүккен қазақ даласында біз біле бермейтін талай тарихи оқиға жұмбақ күйінде жабық жатыр. Олардың бірсыпырасының әлемдік тарихпен терезесі тең. Соның айқын дәлелі – қазақ даласындағы тұңғыш, әлемдегі “Екінші Титаник” оқиғасы.

“Екінші Титаник” трагедиясы Маңғыстау түбегіндегі Ералы ауылында болған. Тарихқа көз жүгіртсек 1948 жылдың қазан айында балық аулауға шыққан бір топ балықшы ауа-райының қолайсыздығына байланысты, көк айдында көтерілген дауылмен ұзақ айқасып, ақыры 63-ке жуық балықшы кәрі Каспийдің құшағында мәңгілік сапарға аттанады. Артында қалған ел балықшылардың денесі мен бұғазға келіп соғылған бос қайықтарды тауып, қайғы жұтады. Осы оқиғаны жергілікті ақын Есенғали Бөкенбаев жырға қосып, көңілі құлазыған халықты сабырға шақырады. Әрі бұл оқиға болашақта ұмыт болмай, келер жастың жадында сақталуы үшін хатқа түсірген.

“Тәлкегіне тағдырдың,

Аз ғана сабыр етейік.

Айтып жүрер артымыз,

Сөз қалдырып кетейік”, – дейді ақынның өзі “Тоғыз қайық” теңіз толғауында.

Мұнайлы ауданы әкімдігінің қолдауымен Фариза Оңғарсынова атындағы орталық мәдениет үйінде ақын Есенғали Бөкенбаевтың 100 жылдық мерейтойы атап өтілді. Көпшілік біле бермейтін тарихи оқиғаны жырмен моншақтаған ақынның ғасыр тойына ақынның қызы, туыстары, облыстың зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының майталмандары, жыр сүйер қауым қатысты.

“Есенғали Бөкенбаевтың бүкіл шығармашылығын бірден, бір мезетте, бір ғана қойылыммен, бір сахнамен көрсетіп тауыса алмаймыз. Бұл шара әлі де жалғасын табады. Жаңағы есікке кірер алдын 63 келін өздеріңізге иіліп сәлем берді. Бұл сол көк айдындағы дауылда шейіт болған 63 жігіттің рухына тағзым деп біліңіздер. Кеше ғана Есенғали Раушанов ағамызға хабарласып, қолқа салдық. Осы “Тоғыз қайық” толғауының желісінде 2 сағаттық спектакльдің сценарийін жазып беруді сұрадық. Бұйырса осы теңіз толғауын, киелі өлкедегі тарихи шығарманы Маңғыстау облыстық Нұрмұхан Жантөрин атындағы драма театр сахнасынан тамашалайтын боламыз. Басымызға бақ, маңдайымызға абырой алып берген тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ұмыт қалған мұрамызды түгендеу бүгінгі ұрпақтың қадірлі міндеті. Сондықтан ел тарихындағы елеулі оқиғаларды жырға қосқан ақын Есенғали Бөкенбаевтың  мерейтойын өз деңгейінде атап өту – біз үшін басты парыз”, – деді аудан әкімі Рахат Елтизаров.

Сондай-ақ мәдениет үйінің фойесінде суретші Жансая Киікбайқызының “Тоғыз қайық” атты сурет көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Көрмеге қылқалам шеберінің 3 картинасы қойылған.

“Туындыларымның барлығы Маңғыстау табиғатына арналған, сондықтан түбектің пейзажын көруге болады. Осы картиналарымда Маңғыстаудың мақтанышы Шерқала, Бозжыраны, Форт-Шевченко маңындағы Каспий жағалауын өзге қырынан көрсетуге, өзіндік бояумен ұсынуға тырыстым”, – дейді суретші Жансая Киікбайқызы.

Естеріңізге сала кетейік, ақын мерейтойының аясында Мұнайлы ауданы әкімі Рахат Елтизаровтың бастамасымен “Ақын Есенғали Бөкенбаев” атты жинақ жарыққа шықты. Жинаққа ақын туралы замандастары мен әріптестерінің, ақын-жазушылардың естеліктері мен баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар топтастырылған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз