Шымкентте Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Түркістан облысының шенеунігінен қомақты ақша бопсалаған кәсіпкерді ұстады, деп хабарлайды Kazaknews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Берілген ақпарат бойынша Шымкент қаласы полиция департаментіне мемлекеттік мекемелердің бірінің басшысы жүгінген. Ер адам оның іскерлік беделіне нұқсан келтіретін ақпаратты таратамын деп жеке кәсіпкер 50 млн теңге бопсалап отырғанын айтқан.
Аталған жайтты жедел уәкілдер ҚР ҚК-нің 194-бабы “Қорқытып алу” бойынша тіркеген.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар өткізіп, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтаған. Ол бұрын мемлекеттік сатып алу бойынша конкурсқа қатысқан мегаполис тұрғыны болып шыққан. Алайда ол конкурстан жеңіліп, жәбірленушіні кінәлаған.
Бопсалаушыны полицейлер 45 миллион теңгені қолма-қол алу кезінде ұстаған. Оның 40 млн теңгесі жалған ақша болған. Күдікті қамауда. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Полицейлер ұсталған адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексереді.