Тауда жоғалып кеткен туристтерді іздестіруге Өзбекстан төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары тартылды. Олар Өзбекстан жағынан Өгем өзенінің арнасын бойлай Чарвак су қоймасына құятын жерге дейінгі шекара аумағын тексеруде. Бұл туралы ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен екі туристті іздеу жұмыстары жалғасуда. Олар Түркістан облысының тумасы Қуаныш Тоқтасын және Атырау облысының тұрғыны Нұрдаулет Наурызбай.
Оқи отырыңыз – Түркістан облысында жоғалған студенттердің тағы бірінің денесі табылды
Таулы рельефтердің болуы және өзендердің қатты ағысы іздеу жұмыстарын жүргізуде қиындық туғызуда. Бүгінгі күнге дейін іздеу жұмыстары ұзындығы 350 шақырымнан асатын тау шатқалдары бойымен жүргізілді. Пилотсыз ұшу аппараттарын қолдана отырып, шамамен 170 шақырым аумақ тексерілді. Жалпы 2 мыңнан астам шақырым жер әуеден тексерілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД, ПД, жергілікті атқарушы органдардан, ҰҚК Шекара қызметінен, ІІМ Ұлттық гвардиясынан, Ұлттық парктен, Альпинизм федерациясынан 218 адам, 32 бірлік техника, 3 пилотсыз ұшу аппараты, ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ 2 тікұшағы және туыстары жұмылдырылды.
26 мамыр күні Түркістан облысының Төле би ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жоғалған 7 студентті іздестіру жұмыстары басталған еді. Олар 21 мамырда “Сары Айғыр” шатқалына жаяу бет алады. Жоспар бойынша 24 мамырда қайту керек болған. Мүлде хабарсыз кеткен студенттердің жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-ден тарай бастады. Қазіргі таңда жоғалған 7 туристтің үшеуі аман-есен табылып, 2 адамның мәйіті табылды.