Газа секторы Израильді 10 сағат бойы зымыранмен атқылады

0
508

Шығыс Иерусалимде палестиналық мұсылмандар мен тәртіп сақшылары арасындағы қақтығысқа байланысты Газа секторы Израильді 10 сағат бойы зымыранмен атқылады. Бұл туралы Израиль қорғаныс күштері Twitter парақшасында жариялады. 

“Сағат кешкі 18:00-ден бастап Газадағы террористік топтар израильдік қарапайым халықты зымыранмен тоқтамастан атқылауда. Қазір сағат таңғы 04:00 болды. Яғни, 10 сағат бойы зымыранмен атқылады.”- делінген Израиль қарулы күштері жариялаған ақпаратта.

Бұдан бұрын Хамас ұйымы* Израилге әл-Ақса мешітінен және Құддыстың шығысындағы Шейх Джаррах ауданынан әскерилерін шығаруын талап еткен. Талаптары орындалмаған жағдайда зымыранмен атқылайтынын ескертті.

Израильде Газа секторы жасаған шабуылдан 6 бейбіт тұрғын жарақат алған. Палестина денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Израиль жасаған соққыдан Газа секторында 20 адам қаза тапқан, 65 адам жарақат алған. Израиль қарулы күштері өздеріне 200-ден астам зымыранның тоқтаусыз атқылағанын және бірнеше зымыранды “Темір күмбез” (зымыранға қарсы жүйе) арқылы ауада жарғанын жариялады.

“Газадан Израильге қарай атылған 200-ден астам зымыранға жауап ретінде біз ХАМАС-тың 15 террорисін өлтіріп, түнде Газадағы ХАМАС пен исламдық жиһад тобының 130 террористік нысанасына соққы жасадық” – делінген Израиль қарулы күштері Тwitter парақшасында.

Шығыс Иерусалимдегі палестиналық мұсылмандар мен Израиль әскерилері арасындағы қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Желіде әскерилердің мұсылмандарды атқылап, намаз оқуына кедергі жасап, онымен қоса мұсылмандар үшін маңызы зор Әл-Ақса мешітіне шабуылдаған видеолары тарап жатыр. Ал палестиналық мұсылмандар әскерилерді тас және жарылғыштармен атқылаған.

Халықаралық БАҚ өкілдері жариялаған соңғы мәліметтерде қақтығыс кезінде 300-ге жуық адам жарақат алған.

Оқи отырыңыз: Израильдегі қақтығыстан 200 адам зардап шекті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құддыстағы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын әл-Ақса мешітінде болған жағдайға алаңдаушылық білдіретінін мәлімдеген.

“Еліміздегі барша мұсылманды қасиетті айдың соңғы күндерінде қасиетті мекеннің тыныштығы үшін дұға жасауға үндейміз. Алла Тағала қасиетті әл-Ақсаның бейбітшілік пен амандықта болуын нәсіп етсін! Әмин!”- дейді ҚМДБ таратқан ақпаратта.

Хамас ұйымы* –  “Исламдық қарсыласу қозғалысы”. Израиль оккупациясынан Палестинаны азат ету және исламдық Палестина мемлекетін құруды мақсат тұтатын радикалды ислам ұйымы.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз