Білім саласының маманы, Нұр-Сұлтандағы Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы, Cambridge университетінің магистранты Нұрмұхаммед Досыбаевпен қызметі, идеясы, мақсаты туралы сұхбаттастық.
Өзіңіз жиі айтып жүретін «білім саласын брэндке айналдыру» идеясы қалай пайда болды?
Бұл ой алғаш педагогикалық университетте оқып жүргенде пайда бола бастады. Себебі университеттегі жағдай, ұстаздары, олар дайындайтын «ұстаздық» және Қазақстанның талап ететін ұстаздығының деңгейі екі түрлі еді. Педуниверситеттерде қандай мұғалім дайындайтынын және қандай жағдайда дайындайтынын көргеннен кейін осы мәселені шешпесе білім саласының жақын уақытта дамымайтынын түсіндім.
Магистратураны Cambridge-де оқыдыңыз. Әлемнің жетекші университетінен осындағы мектептерге не әкеле алдыңыз?
Көп нәрсе әкелуге болады деп айтар едім. Бірақ онда оқығаннан кейін нақты бір мамандық, білім саласын зерттеу керек болды. Өзім білім саласын кәсіби маман ретінде арнайы статистикамен, фактілермен зерттегім келді. Бүкіл проблемаларды түсіне отырып зерттеуді қаладым. Себеп-салдарын дұрыс түсінгеннен кейін, шешім жолдарын табуға болатынына көзім жетті. Мықты мамандардан проблема шешімін ғылыми зерттеу нәтижесінде табуды үйрендім. Түйгенім Қазақстанның білім саласындағы барлық проблеманың шешімін табуға болады. Тек мемлекеттік деңгейде және жекелей зерттеу жетпейді. Көп ұстаздарға, директорларға, білім басқармасының басшыларына тіпті министрліктің өзіне осы проблемаларға дұрыс шешім жолын табу үшін қысқа мерзімде емес ұзақ мерзімде проблемаларды ашық қарайтын, себеп, жауап іздейтін зертеулер жетіспейтінін түсіндім. Магистратура оқып жүргенде проблемаларға креативті, инновациялық шешім жолдарын табуға мүмкіндік болды, нақты идеялар келе бастады.
«Болашақ» бағдарламасымен магистратура бітіргеннен кейін Шымкент қалалық білім басқармасына жұмысқа қабылдандыңыз. Білім басқармасында қандай проблемаларға ұшырастыңыз? Сол уақытта нені өзгерте алмадым деп ойлайсыз?
Лауазымым білім басқармасы басшысының орынбасары болды. Менің лауазымым, жалпы кез келген мемлекеттік басқармадағы лауазымдар бір нәрсені өзгерту үшін арналмаған. Қол астында тиісті деңгейде «рычаг» жоқ. Сенің қабылдаған шешімің тікелей бірнәрсені өзгертеді деу қиын. Айтқан «рычагтар» бір мекеменің қолында емес. Өкінішке орай, өзіңе тиесілі функционалдық міндеттер құжат бойынша басқа, іс жүзінде саған басқа міндеттерді жүктеп қояды. Мысалы қалада өтетін үлкен іс-шаралардың тиісті деңгейде өткізілуі білім басқармаларының мойнында. Осы үрдіс әлі күнге дейін өзгермеді. Себебі үлкен қала деңгейіндегі жиындарға қатысатын азаматтардың басым бөлігі білім саласында шоғырланған. Ұстаздар мен оқушыларға сөзі өтетін сол мектептердің үстінен қарайтын білім басқармалары. Ал білім басқармаларының үстінен әкімдік қарайды. Әкімдік қаладағы өтетін жылдық жоспарға сәйкес әртүрлі іс-шараларды бекітіп, үлестіріп отыратын мекеме. Мен оқу-тәрбие бағытына жауап бергендіктен жаңағы жиындардың тиісті деңгейде өтуі менің жауапкершілігіме өтті. Ал менің негізгі айналысуым керек мәселе, білімнің сапасы еді. Бұл жүйе бұрыннан қалыптасып қалған, бәлкім Кеңес одағының сарқыншағы ма нақты жауабын білмеймін. Білімнің сапасын өзгерту үшін қол астымызда тиісті инструменттер жеткіліксіз еді. Ол инструменттердің ең маңыздысы – қаржы. Қаржыландыру жүйесі мен қызмет еткен кезде басқаша болатын. 2018 жылдан бері өзгере бастады. Білім саласындағы қаржыландыру «жан басына шаққан» болып ауыса бастады. Әр оқушыға жеке қаржы бөлінетін болды. Қаржыдан кейінгі мәселе – кадр. Өзгерістерді жүзеге асыру үшін өзгерісті қалайтын, қиындығына қарамастан жүзеге асыруға дайын тұратын, тәуекелге баратын ұжым керек. Қатып қалған, дұрыс жұмыс жасамайтын жүйе бар делік. Оны өзгерту үшін жүйені бұза білу керек. Ал жүйені бұзу, өзгерту деген сол жүйеге үйренген адамның қытығына тие бастайды. Кей адамдардың қытығына тисе де өзінің қара басынан гөрі елдің қамын ойлап реформаны жүзеге асыратын реформаторлар өте аз. Қатып қалған жүйені өзгерту үшін реформаторлық көзқарас қажет. Реформаторлық көзқарас қазақтардың менталитетіне қаншалықты жақын екенін білмеймін. Себебі біз көбіне барлығымен дос болуды, ешкімді ренжітпеуді ойлаймыз. Ал мемлекеттік басқару саласына келгенде осы қарым-қатынас зиянын тигізіп жатыр.
Мемлекеттік қызметтен кейін жеке секторға өткенде «аймақта қалып жұмысты жемісті жалғастыра беруге болатын еді, мен білім саласындағы жұмысты республика бойынша жасағым келді», – депсіз. Жеке секторға өткен соң жауапкершілік жеңілдеп, жұмыс аймағыңыз тарылып қалған жоқ па?
Қысқа мерзімді тарылғанымен ұзақ мерзімде жауапкершілік жеңілдеді деп айта алмаймын. Себебі білім басқармасында бір жыл жұмыс істесең де, бес жыл жұмыс істесең де бір қаланың аумағымен шектелесің. Ал жекеменшік салада алғаш бастаған жобаларымыздың ауқымы кішкентай болғанымен, өсу ауқымы шексіз болатын. Бізді ешкім географиялық орталықпен шектей алмайды. Оны сен өзіңнің арманыңа, мүмкіндіктеріңе, ресурстарыңа және батылдығыңа сәйкес тіпті, Қазақстан көлемінен бөлек бірнеше ел көлемінде орындауға болады. Қазір сол мақсат жолында қызмет етіп жатырмыз.
Өзіңіз негізін қалаған Astana Garden School мектебінде білім алу құны елдегі ЖОО–да білім алудан да қымбат. Сіздіңше әлемнің үздік университеттеріне түсу үшін оқушының материалдық жағдайы қаншалықты маңызды?
Түсу үшін деп айтпайын, өкінішке орай, оқушыға сол мүмкіндіктер қолжетімді болу үшін материалдық жағдай маңызды. Себебі, бізде Финляндиядағыдай әр қазақтың баласына жүйелі түрде сапалы білім қолжетімсіз. Cұхбаттың басында айттым, оның барлығы қаржы және экономикаға тіреледі. Біздегі қаржыландыру жүйесі кез келген оқушыға мектептің деңгейінде осы Қазақстандағы университеттерге дайындалуына жетуге жақын. Бірақ әлемнің кез келген университетіне түсуге жеткіліксіз. Әлем университеттеріне дайындаламын, түсемін деген азаматтарға, отбасыларға қосымша инвестиция қажет. Ал, Финляндияда немесе Ұлыбритания мектебінде оқитын оқушыға олардың мемлекеті тарапынан берілетін қаржы өздерінің үздік университеттеріне түсуге жеткілікті. Себебі сапалы университет олардың өз елінде орналасқан. Қазақстанда бір пайызға жуық мектеп бар. Олардағы білім сапасы, мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі әлемдегі мықты университеттерге дайындалуға жеткілікті. Өздеріңіз білетін «Назарбаев» зияткерлік мектептері, «Білім-инновация» лицейлері, «Жәутіков» атындағы физика-математикалық және жеке меншік халықаралық мектептер.
Материалдық жағдайы жақсы отбасылар балаларын түрлі дайындық курстарына бере алады. Қазір ондай қосымша курстар көп екені белгілі. Неліктен сіз қарапайым отбасыдан шыққан балаларға қолжетімді мектеп ашуға тырыспадыңыз?
Өте жақсы сұрақ. Біз осы қарапайым отбасынан шыққан балаларға қолжетімді білім беретін мектептерді келесі жылдан бастап ашамыз. Қазіргі біздің Astana Garden School-дағы ағылшын тілінде берілетін халықаралық білім жылына 3,5-4 миллион теңге көлемінде болса, біздің мақсат сапалы білімді қолжетімді ету. Яғни, жылына 400-500 мың төлеп оқитын ағылшын тілінде болмаса да дағды, қабілет тұрғысынан соған жақын жүйелі түрде білім бере алатын мектептер ашу. Келер жылдан бастап осындай мектептердің құрылысымен айналысамыз. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және елдің басқа өңірлерінен мектеп соғумен айналысамыз. Осы бағытта инвесторларды да тартып жүрміз. «Ақшаны тез қайтаратын жобалардан гөрі әлеуметтік-ағартушылық салаға құйсаңыздар жақсы болар еді» деп үлкен кәсіпкерлермен сөйлесіп жатырмыз. Білім саласына құйылған қаржы лезде қайтпайды. Ол жемісін 10-15жылдан кейін беруі мүмкін. Елге жаны ашитын инвесторлардың мұндай ұсынысқа көнуі қиын болса да мүмкін. Astana Garden School-да оқу құнының қымбат болуы оқушы санының аз болуына байланысты. Бізде 60 оқушы оқыды. Ал келешекте соғатын мектептерде 1500-2000-ға жуық оқушы білім алатын болады.
Жақында Қазақстан президенті Қасым–Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдадыңыз. Үндеуіңізде білім және ғылым министрлігін екіге бөлуді ұсыныпсыз. Бұл жерде министрліктің саны маңызды ма, сапасы ма?
Екеуі де маңызды. Бірақ ең алдымен сапасы маңызды дер едім. Бізде бүкіл адами капиталды дамытуға деген жауапкершілік бір ғана білім министрлігінің мойнында. Ведомствоның функционалдық тұрғыда санайтын болсақ 200-ден астам функциясы бар. Соған қарамастан сапа деңгейі әр өңірде әртүрлі. Оны халықаралық форматтағы, өзіміздің ішкі емтихандар дәлелдеп, көрсетіп отыр. Сапаның төмендігінің себебі – министрліктегі басқару жүйесінің тиімсіздігі. Түсінікті болу үшін Назарбаев зияткерлік мектептерін айтайын, олар тікелей министрлікке бағынбағанымен сапасы өте жоғары. Назарбаев университеті автономия болса да, сапасы түскен жоқ. ЖОО-ның көбіне автономия беру қажет. Тек автономия жеткіліксіз. Қаржыландыруды да тиісті деңгейде көтеру керек. Қазақстандық мектептер тікелей жергілікті әкімдікке қарайды. Әкімдік қай деңгейде қараса, білім сапасы да солай болады. Унитарлы мемлекет ретінде барлық мектептер қай жерде орналасса да бірдей сапалы білімді қолжетімді етуміз керек. Қазақстандағы әрбір азаматтың өтетін білім сатысы – орта білім жүйесі. Конституция бойынша міндеттелген білім балабақша емес ЖОО емес – орта білім. Орта білімді сапалы ете алсақ, азаматтар бәсекеге қабілетті бола алады. Дәл қазір, қазақстандық оқушылар елдің әр аймағында орта білімді түрлі деңгейде алып жатыр. Университет әр адамның өзінің қалауы. Сол үшін мектептердің сапасын көтеру үшін уақытша бес жыл, он жыл болсын барлық мектеп тікелей министрлікке қараса сапасы артады. Бұл ұсыныс көбіне ұнамауы мүмкін. Себебі тағы да үлкен реформа. Реформаға әкімдіктер де министрлік те қарсы болуы мүмкін.
Карьераңызда, өміріңізде «осы жерден қателесіппін, сол кезде басқаша жасау керек еді» деген сәт болды ма?
Өзімді оптимистердің қатарына жатқызамын. Жастардың да сол позицияны ұстанғаны дұрыс деп ойлаймын. Бұрын жасаған қателеріне өкінетін адамдарды жиі кездестіремін. Өкінудің орнына сабақ алу керек. Қателік жасау – заңдылық. Жас кезден қателесіп, содан сабақ ала білген азаматтар ғана болашақта үлкен жетістіктерге жете алады. Қателікті жаман нәрсе деп қарамау керек. Балаға кішкентай кезінен бастап қателесуді, одан кейін үмітсіздікке түспеуді үйрету қажет. Айналамыздағы адамдардың бізге сенуі маңызды. Отбасы, жақындар, ұстаздарымыз, достарымыз қанша қателессек те үнемі арқау болды, сенім білдірді. Қателескенде жау секілді бетіңе басып, шұқылап емес, дос ретінде көмектесіп, демеп отырды. Қателіктен уақытылы сабақ шығарып ары қарай өрлей беру қажет.
Сұхбатыңыз үшін көп рахмет!
Абдіманап КЕҢЕС