11-12 қараша күндері Қазақстан астанасында “Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында” атты “Астана клубының” 5-ші отырысы өтті.
Оқи отырыңыз: Сарапшылар Еуразияға төнген қауіп-қатерді тізіп берді
Жиында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең алғаш билікке келгендегі елдің жағдайы мен Қазақстанның саясаты туралы сөз қозғады.
ҚАЗАҚСТАН КӨПВЕКТОРЛЫ САЯСАТТЫ ӨЗГЕРТПЕЙДІ
“2015 жылғы сайлауда 95 пайыз дауыс жинадым. Де Гол, Ли Куан Ю, Махатхир қызметтен кеткен кездегідей менің биліктен бас тартуымды да халық күйзеліспен қабылдады. Мен Қазақстанды Кеңес Одағынан бері басқарып келдім. 1984 жылы Қазақстан министрлер кеңесінің басшысы болдым. 35 жыл бойы небір қиын күндерді артқа тастадық. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін ыдыстың сынығындай боп Қазақстан қалды. Тамақ, су жоқ, 2 миллион адам жұмыссыз жүрді. Дүкендерде нан жоқ. Сондай жағдайдағы Қазақстанды қабылдап алдым. Қазір елдің экономикасы 20 есе өсті. Картада Қазақстан деген мемлекет пайда болды. Астананың ауыстырылуы да күрделі кезеңге тап келді. Шекаралық мәселелер де оң шешімін тапты. Шекара болмаса мемлекет те болмайды. Бүгінде 14,5 мың километрге созылған картада шекарамыз айқын. Солтүстікте Ресеймен 7 мың км, Шығыста Қытай 1 600 км, Оңтүстікте Қырғызстан, Түркменстан және Өзбекстанмен 4000 км ортақ шекара бар. Осындай көршілердің ортасында тұрғанда біздің көпвекторлы саясатымыздың негізі барлық елмен тепе-теңдікті ұстап тұру. Қазақстанның шекаралас елдерде ешқандай жауы жоқ. Бәрімен достығымыз жарасқан. Ресеймен қарым-қатынасымыз жақсы, Қытаймен де сенімге негізделген байланысымыз бар. Оңтүстіктегілермен де бәрі жақсы. Ресей мен Түркия арасындағы текетіресті тоқтатуға менің кірісуіммен мүмкіндік туды. Қазіргі саясатты дұрыс әрі сауатты деп ойлаймын. Еуропалық Одақпен де арамыз жаман емес. АҚШ пен де ынтымағымыз ыдырамаған. Қазақстан тарихы күрделі жас мемлекет. Аяғымызға нық тұрып, қуатты мемлекет болу үшін бізге әлі де уақыт керек. Қазақстан Дүниежүзілік қауымдастықтың мүшесі және олар бізді антиядролық қозғалыста көшбасшы болғанымыз үшін құрметтейді. Біз көпвекторлы саясатты өзгертпейміз. Басқа ел бізге қалай қараса, біз де оларға сондай қарым-қатынас жасаймыз”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, “Астана Клубының” 5-ші отырысына әлемнің 23 мемлекетінен геосаясат, экономика мен халықаралық қатынастар саласының маңдайалды сарапшылары ретінде мойындалған 50-ден астам халықаралық спикер қатысқан.