Әлем 2019 жылды қалай өткізді?

0
364

Бірер күннен соң 2019 жыл аяқталады. Өткен жыл несімен есте қалды? Адамзат қайда барады? Әлемде не өзгерді? Kazaknews.kz агенттігі осы жылы ғаламды елең еткізген ақпараттарды топтастырды. 

Әр тақырыптағы сілтемеге өтіп толық ақпаратты оқи аласыз..

Бразилияда бөгет бұзылып, 58 адам қаза тапты

Қаңтарда Бразилияның Брумадиньо қаласында бөгет жарылып 58 адам қаза тапты. 300-ге тарта адам із-түзсіз жоғалды.

Бразилияда қираған су бөгеті. Сурет: Guardian

Бөгет металлургиялық өнеркәсіп қалдықтары бар суды тежеп тұрған. Апат болатын сәтте ескерту жүйесі істемей қалғандықтан, сел шахталарды шайып, үйлерді және жүздеген жұмысшы тамақтанып отырған асхананы шайып кеткен.

АҚШ Huawei мен оның басшысына айып тақты

АҚШ әділет министрлігі Қытайдың Huawei телекоммуникациялық корпорациясының қаржы жөніндегі директоры Мэн Ваньчжоуға бірнеше айып тақты. Сонымен қатар корпорацияның өзіне де айып тағылды.

АҚШ билігі Мэн Ванчжоу Вашингтонның Иранға салған сауда санкциясын бұзып, сауда-саттық жасамақшы болған деп күдіктенеді. Оған америкалық бірнеше мемлекеттік мекемені алдау мақсатында қитұрқылық жасаған деген 13 айып тағылған.

Ал Huawei корпорациясының өзіне T-Mobile компаниясынан ақпарат пен технология ұрлады деген айып тағылды.

Рим папасы тұңғыш рет Араб Әмірліктеріне барды

Рим папасы Франциск тарихта тұңғыш рет Біріккен Араб Әмірліктеріне сапармен барды.  Рим папасының үш күндік сапарының мақсаты – дінаралық диалог жөніндегі конференцияға қатысу болған.

БАӘ мұрагер ханзадасы Мохаммед бен Зайд әл-Нахайян мен Рим Папасы Франциск.

 Конференцияда діни фанатизмге қарсы күрес талқыланады. Жиын өткізу туралы бастаманы Египеттегі әл-Азхар университетінің имамы Ахмед әл-Тайеб көтерген. Бұған дейін Папа Франциск онымен бірнеше рет кездескен.

5 ақпанда Франциск Әбу-Дабиде құдайға құлшылық рәсімін өткізген.

Македония мемлекетінің атауы өзгерді

Македония мемлекеті атауын Солтүстік Македония деп өзгертті. Шешім 12 ақпанда ресми түрде күшіне енді.

1991 жылы Югославия тарағаннан кейін тәуелсіздік алған Македония атауына байланысты Грекиямен арада дау шыққан. Македония – Грекияның солтүстігіндегі өлкенің бағзы заманнан бергі тарихи атауы деген уәжді алға тартқан Грекия НАТО мен Еуропа Одағына мүше болғысы келетін Македониямен ол жөнінде келіссөздер өткізуге тосқауыл қойып келген.

6 ақпанда Брюссельде Солтүстік Македонияны НАТО-ға қабылдау туралы хаттамаға қол қойылды.

Эфиопияда ұшақ құлап, 157 адам “түгел қаза тапты”

Эфиопияда 10 наурызда таңертең Аддис-Абебадан Кения астанасы Найробиге ұшқан “Боинг-737” ұшағы құлап бортындағы 157 адам түгел қаза тапты. Бортта 149 жолаушы және сегіз экипаж мүшесі болған.

Ethiopian Airlines авиакомпаниясының атқарушы директоры Тевольд Гебремариам ұшақ құлаған жерде.

Ұшақта 35 елдің азаматтары болған.

Эфиопия парламенті 11 наурызды қаралы күн жариялады.

Бұл – тұрақты түрде рейс жасап жүрген жолаушылар ұшағының биылға алғаш рет апатқа ұшырауы. Былтыр қазанда Индонезияда тап осы – “Боинг-737 MAX 8” маркалы ұшағы құлап, 189 адам қаза тапқан.

Жаңа Зеландияның екі мешітіндегі шабуылдан 49 адам қаза тапты

15 наурызда Жаңа Зеландиядағы екі мешітке жасалған шабуылдан 49 адам қаза тауып, 20 адам жараланды.

Шабуыл жасалған Әл-Нұр мешіті алдында отырған азаматтар. Жаңа Зеландия, 15 наурыз 2019 жыл.

Шабуыл қала ортасындағы Әл-Нұр мешіті мен Линвуд қаласының іргесіндегі мешітке жасалған. Әл-Нұрда – 30, Линвудтегі мешітте 10 адам қаза тапқан.

Премьер-министрі Джасинда Ардерн “Мұндай жағдай бұрын-соңды болған емес. Бүгін – ел тарихындағы ең қайғылы күндердің бірі” деп мәлімдеген.

Францияда Нотр-Дам де Пари шіркеуі өртеніп, мұнарасы құлады

15 сәуірде Франция астанасы Париждегі Нотр-Дам де Пари шіркеуінен өрт шықты. Жылына 13-14 миллион адам кіретін тарихи ғимараттың төбесі мен мұнарасы өрт басталған бірнеше сағаттан соң құлады. Жапа шеккендер туралы дерек жоқ.

9 ғасыр Француз мәдениеті мен тарихының символы саналып келген шіркеуде өрттің неден шыққаны әзірге белгісіз. Өртті сөндіруге жүздеген өрт сөндіруші күш салған.

Шоумен Зеленский Украина президенті болды

Украинада бюллетеньдердің 99 пайызы саналғаннан кейін шоумен Владимир Зеленскийдің 73 пайыз дауыс жинап, жеңіске жеткені белгілі болды. Сайлаудың екінші кезеңінде елді осыған дейін басқарып келген Петр Порошенкоға сайлаушылардың 25 пайызы дауыс берген.
Владимир Зеленский
Photo: REUTERS

Путин мен Ким Владивостокта оңаша кездесті

25 сәуір күні Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Владивостоктағы Қиыр шығыс федералдық университетінің ғимаратында кездесті.

Солтүстік Корея лидері Ким Чен Ын мен Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта). Владивосток, 25 сәуір 2019 жыл.

Венесуэла президенті Николас Мадуроға қарсы көтеріліс

Николас Мадуроның екінші мерзімге қайта сайлануы 2018 жылдың мамыр айында дауыс беру нәтижелерін бұрмалау және оппозицияның бойкот туралы мәлімдемелер аясында сынға түсті. 2019 жылдың қаңтарында халықтық Ерік партиясының көшбасшысы Хуан Гуайдо  азаматтардың қолдауына ие болып, 50-ден астам ел мойындады. 30 сәуір күні ол Мадуро режимін бұзуға “бостандық операциясы” атты көтеріліс бастады. Қақтығыстар кезінде кем дегенде төрт адам қаза тапты.

Тереза Мэй отставкаға кетті 

Ұлыбританияның премьер-министрі, консервативтік партия жетекшісі Тереза Мэй отставкаға кететінін мәлімдеді. Ол консервативтік партия жетекшілігінен 7 маусымда кететінін, бірақ партияның жаңа жетекшісі сайланғанға дейін Ұлыбритания премьер-министрі болып қала беретінін айтты.
 
 
 
 
 
 
Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй қауымдар палатасында сөйлеп тұр. Лондон, 29 наурыз 2019

 

Түркияда билік партиясы алғаш рет ірі жеңіліске ұшырады

Түркияның жоғары сайлау комиссиясы Стамбұл мэрі сайлауында оппозициялық Халықтық-республикашыл партия өкілі Экрем Имамоглудың жеңіске жеткенін мойындады.

Халықтық-республикашыл партия өкілі Экрем Имамоглу

Ел президенті Режеп Тайып Ердоған басқаратын биліктің “Әділеттілік және даму” партиясы 1994 жылдан бері бірінші рет ірі сайлауда жеңіліс тапты.

Францияда Наполеонның тағы сатылды

Франция императоры Наполеон І Бонапарттың тағы француз монархтарының Фонтенбло тарихи резиденциясындағы аукционда 500 мың еуроға сатылды. Бұл туралы сауданы өткізген Osenat аукцион үйінің сайты хабарлаған.

Франция императоры Наполеон І Бонапарттың тағы.

Бердімұхамедов қазасы туралы сыбыс тарады

Түркіменстанда президент Гурбангулы Бердімұхамедов қазасы туралы сыбыс таратқандарды ұстап жатыр.  “Түркіментелеком” компаниясы Лебап бөлімшесінің бір қызметкері, су шаруашылығы мен жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының екі жұмысшысы ұсталған.

Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов.

 

Үндістанда су тасқынынан 121 адам қаза тапты

Үндістанның Керала штатында болған су тасқыны салдарынан 8 тамыздан бері кем дегенде 121 адам қаза тапты. Ел үкіметі жариялаған деректерге сүйенсек, Малаппурам ауданы көп зардап шегіп отыр, мұнда 58 адам опат болған. Бұдан бөлек, Кожикоде ауданында 17, Вайанадта 12 адамның өмірі қиылған.

Жак Ширак қайтыс болды

Жак Ширак – Францияның 22-президенті. Ол билікте болған кезде президент өкілеттігінің мерзімі 7 жылдан 5 жылға қысқартылған. Президент болғанға дейін Ширак 18 жыл Париж мэриясын басқарған. Валери Жискар д’Эстен және Франсуа Миттеран президенттігі тұсында үкіметке жетекшілік еткен.

Францияның бұрынғы президенті Жак Ширак.
Photo© AP / Francois Mori

Жапония үкіметі отставкаға кетті

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ өз кабинетінің мүшелерінен отставкаға кету туралы арыздарын алды. Себебі тамызда Парламенттің жоғарғы палатасындағы сайлауда партия жеңіске жеткеннен кейін және қазан айында тұтыну салығын 10 пайызға дейін көтеру алдында үкімет құрамын өзгерту жоспары себеп болды.

Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ.

ДАИШ экстремистік тобының басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдади өлтірілді

АҚШ президенті Дональд Трамп Сирияның солтүстік батысында америкалық әскерилер жүргізген арнаулы операция нәтижесінде ДАИШ экстремистік тобының басшысы Әбу Бәкір әл-Бағдадидің көзі жойылды деп мәлімдеді.

ДАИШ террорлық ұйымының басшысы Әбу Бәкір әл – Бағдади.

“Ақымақ болма!”: Трамп Ердоғанға хат жазды

АҚШ президенті Дональд Трамп Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға хат жазып, Сириядағы операцияны тоқтатуға шақырды. 

Хатты ең алғаш FOX News журналисі Twitter-де жарияланды. Кейін бұл ақпаратты Ақ Үй растады.

АҚШ президенті Дональд Трамптың Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанға жазған хаты.

Ресей мен Украина ортақ мәмілеге келді

Ресей президенті Владимир Путин және Украина президенті Владимир Зеленский жыл соңына дейін Украина шығысында атысты тоқтату режимін толық жүзеге асыруға келісті.

Владимир Зеленский, Эммануэль Макрон, Владимир Путин және Ангела Меркель. Париж, 9 желтоқсан 2019 жыл.

9 желтоқсанда Парижде өткен “норман төрттігі” саммитінен кейін таратылған ортақ мәлімдемеде осылай деп айтылады.

“Хашогги өліміне айыпты” бес адам өлім жазасына кесілді

23 желтоқсанда Сауд Арабиясының прокуратурсы журналист Жамал Хашоггидің өліміне айыпты деп танылған бес адамның өлім жазасына кесілгенін хабарлады.

Прокуратураның мәлімдеуінше, тағы үш адам түрме жазасына кесілген. Сот жабық өтіп, жауапқа тартылғандардың есімі жарияланбаған.

Abdimanap KENES

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз