Қазақстандағы Әзербайжан елшілігі мәлімдеме жасады

0
141
Қазақстандағы Әзербайжан елшілігі.

29 қыркүйек күні Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі Таулы Қарабақ қақтығысына байланысты мәлімдеме жасады. Елшілік қазақстандық БАҚ-тан қақтығыстан мүдделі тараптардан бейтарап, бұрмаланбаған ақпарат таратуын сұрайды.

“Армения-Әзербайжан Таулы Қарабақ қақтығысында бірқатар мүдделі тараптар бар екенін атап өткен жөн. Осыған байланысты, біз бауырлас Қазақстанда жұмыс істейтін кейбір тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстарда басып алынған территорияларда өзін-өзі жариялаған Таулы Қарабақ республикасының сепаратистік режим құрылымдары таратқан жалған ақпаратқа, сондай-ақ басқа елдердің ақпарат агенттіктерінің бұрмаланған материалдарына сілтеме жасағанына қынжыламыз. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарын, журналистер мен жеке адамдарды осы мәселеге мұқият болуға, қақтығыстарда мүддесі бар басқа мемлекеттердің қазақстандық қоғамды адастыруы мүмкін бұрмаланған ақпараты мен ақпараттық ресурстарына сілтеме жасамауға шақырамыз”, – делінген елшілік жасаған мәлімдемеде.

Әзербайжан елшілігі Қазақстан мойындамаған сепаратистік режим таратқан ақпаратқа сілтеме жасау халықаралық келісімдерге, ортақ тарихи құндылықтарға, сондай-ақ қазақ және әзербайжан халықтарының достығы мен бауырластығына қайшы келетінін атап өтті.

Еске салайық, Таулы Қарабақ аймағында әзербайжан және армян күштері арасында қақтығыстың жалғасып жатқанына үш күн болды.

Атап өтейік, Таулы Қарабақ төңірегінде дау Совет Одағы кезінен басталған. Ол кезде Таулы Қарабақ ауданы Әзербайжан ССР-і құрамына кірген, бірақ тұрғындарының көбі армян болған. 1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Таулы Қарабақтың басым бөлігін бақылауына алып, өзінің қарамағына Әзербайжанға тиесілі кей аудандарды да тіркеп алды. Әзербайжан бұл территорияны оккупацияланған деп атайды. 1994 жылы екі ел арасында қарулы қақтығысты тоқтату және шиеленісті бейбіт жолмен шешу жөнінде келісім жасалды. Бірақ бұл келісім шиеленісті шешкен жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз