Қазақстандық компания жаңартылған үлгідегі «Шағала-М» ұшқышсыз ұшу аппаратының сынақ жұмыстарын сәтті аяқтады, деп хабарлайды Kazaknews.kz Ақпараттық агенттігі.
Елімізде құрастырылған дронды мұнай-газ, энергетика секторлары және азаматтық қорғаныста, оның ішінде іздеу-құтқару жұмыстарында қолдануға болады. Бұған қоса қазақстандық өнімнің төтенше жағдай кезінде тікұшақты алмастырып, мұнай және газ құбырларына, сондай-ақ электр желілеріне бақылау жүргізе алады.
«Шағала-М» аппаратының артықшылығы оған ұшып-қону жолағы қажеті жоқ. Бағасы шетелдік аналогтармен салыстырғанда арзан. Аталған өнімді сату мәселесіне келсек, СТ–KZ және индустриялық сертификаттары мен патенті бар», – дейді «Қазақстан инжиниринг» R&D орталығының бас директоры Ғани Байсейітов.
Бұдан бөлек ұлттық компанияның авиациялық-оқу орталығында азаматтық мақсаттағы дрондар мен коптерлердің қауіпсіз және тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін ұшқыштар мен механиктерді даярлау бағдарламасы іске қосылған.