Еліміздің азаматтары мұраға мүлік пен ақша ғана емес, сонымен қатар коммуналдық төлемдер мен несиені де алады. Адам қайтыс болғаннан кейін төленбеген несиелері болса, оны кім және қалай өтейді?
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, қайтыс болған адамның мұрагері туысының несиесін алудан бас тарта алады. Алайда мұндай жағдайда ол мұраның қалған бөлігінен де (бар болса) бас тартуы қажет. Себебі мұраның бір бөлігінен ғана бас тартуға, ескертулермен немесе шартпен мұрадан бас тартуға заңмен жол берілмейді. Мәселен, пәтерді мұраға алып, бірақ оның бұрынғы иесінің қарызын төлеуден бас тарта алмайсыз.
“Егер мұрагер мұраға кірмеу туралы шешім қабылдаса, онда ол ешқайда бармайды және өз құқығын мәлімдемемесе болады. Бұл жағдайда ол ешқандай әрекет жасамауы керек, яғни мұра қалдырушының мүлкін пайдалану, коммуналдық қызметтерге ақы төлеу, жөндеу жұмыстарын жүргізу және т.б. Егер мұрагер білместен мұраға кіру туралы өтініш беріп, содан кейін өз ойын өзгерткен болса, онда мұраға құқығы туралы куәлік алғанға дейін нотариусқа мұрадан бас тарту туралы өтініш беруі керек. Куәлікті алғаннан кейін мұрадан тек сот арқылы бас тартуға болады”, – делінген агенттіктің Tengrinews.kz ресми сауалына берген жауабында.
Егер адам мұраны қабылдайтын болса, онда нотариус арқылы қайтыс болған адамның қарызы бар-жоғын анықтап алуы керек.
Агенттік мұрагер осы ақпаратты білгеннен кейін несие берушілерге адамның қайтыс болуы туралы куәлікті ұсынып, айыппұлдарды есептемеуді және ол мұрагерлік құқығына енгенге дейін қарызды тоқтата тұруды талап еткені жөн екенін ескертті.
Егер несие беруші мұра қалдырушы қайтыс болған соң өсімпұл есептеп қойған болса, онда мұрагер несиені қайта есептеуді талап етуге құқылы.
“Егер мұрагер мұраға кіруге және мұра қалдырушының қарызын қабылдауға шешім қабылдаса, онда ол бастапқыда қарыз шартында көрсетілген төлем кестесі бойынша өтейтін болады. Егер оған өтеу кестесі ыңғайсыз болса немесе мерзімінен бұрын төлем жасағысы келсе – осы тармақтардың барлығын несие берушімен талқылау қажет”, – делінген хабарламада.
Егер мұра қалдырушы міндеттемені орындамаған болса және одан қарызды өндіріп алу туралы соттың заңды күшіне енген шешімі болса, мұрагер бұл мәселені несие берушімен жеке шешуі қажет.
Мұрагерлікке кіріспес бұрын мүліктің нарықтық құнын бағалаған жөн. Бұл қарыздың алынған мұраға сәйкестігін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік бажды есептеуге қажет болады.
Егер қайтыс болған адамның өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлері болмаса немесе олардың барлығы мұрадан бас тартса, онда ол иеліктен шығарылған мүлік болып танылады және ол коммуналдық меншікке өтеді.