Британ премьер-министрі Тереза Мэй Америка Құрама Штаттары (АҚШ) президенті Дональд Трамптың Сирияға бірге соққы беру туралы ұсынысын кері қайтарды. The Times газетінің хабарлауынша, Мэй жиналған дәлелдер Сирияда химиялық шабуылдың болғанын негізге алуға жеткіліксіз деп есептейді.
Басылымның жазуынша, Дональд Трамп Башар Асад бастаған биліктің Думада бейбіт тұрғындарға қарсы химиялық қару қолдануына жауап ретінде Тереза Мэйге бірлескен әскери операция жасау ұсынысын жеткізген. Ағылшын премьері дәлелдердің жетіңкіремеуіне байланысты Трамптың ұсынысын кері қайтарды.
Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйымның сарапшылары бұл оқиғаның мән-жайын анықтау үшін жақында Сирияға барады. The Times газетінің жорамалынша, осы жайт Мэйдің шешіміне әсер еткен болуы мүмкін.
Біріккен Ұлттар Ұйымының кешегі өткен Қауіпсіздік Кеңесі отырысында АҚШ химиялық шабуылға қатысты тәуелсіз зерттеу жүргізу туралы қарар жобасын ұсынған, бұл жобаға Ресей вето жариялады.
Бауыржан Мұқан