The Washington Post газетінің өз дереккөздеріне сілтей отырып жариялаған хабарына сүйенсек, Америка Құрама Штаттарының (АҚШ) президенті Дональд Трамп  Вашингтонның жаңа анти-ресейлік санкцияларына қатысты ақпарды американ шенеуніктерінің уақытынан бұрын таратқанына қапа болған. Себебі АҚШ президенті соңғы әрі нақты шешімін қабылдап үлгермеген.

Басылымның мәлімдеуінше, ұлттық қауіпсіздік мәселелері бойынша кеңесшілерімен ақылдасқаннан кейін Ақ үй басшысы шектеу шараларының енгізілуін тоқтатуды жөн көрді. Әрі жиынға қатысқан кеңесшілеріне санкция хабарының уақытынан бұрын жарияланғанын қынжыла жеткізді. «Президент (жаңа санкцияның) қажет екеніне әлі сенімді емес» делінген хабарда.

Ресейге қарсы жаңа санкциялар жарияланатынын алғаш болып АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы (БҰҰ) тұрақты өкілі Никки Хейли хабарлаған болатын. Оның айтуынша, экономикалық шектеу шаралары Сирияда болған  химиялық шабуылдарға АҚШ-тың берер жауабы болмақ және жаңа санкциялар легінің кесірі тек Сириямен тығыз қатынаста болған ресейлік компанияларға ғана тимек.

Бауыржан Мұқан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз