Бокстан орта салмақта WBA (Super), WBC, IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 KO) келесі жекпе-жегін 5 мамырда америкалық боксшы Ванес Мартиросянға (36-3-1, 21 KO) қарсы өткізбек.
Отандасымыз GGG-дің twitter парақшасында жарияланған афишаға сүйенсек, жұдырықтасу Карсон қаласындағы (АҚШ-тың Калифорния штаты) StubHub аренада өтеді.
Жекпе-жектің жарнамасында “Mexican style 2” («Мексикалық стиль 2») деп жазылған. Атап өтсек, 5 мамыр күні Мексикада Синко де Майо атты ұлттық мереке тойланады.
Los Angeles Times газетінің тілшісі Лэнс Пагмайрдың хабарлауынша, Головкин-Мартиросян кездесуінің билеттері $50 мен $700 аралығында болады. Головкиннің өзі алдағы кездесуді «дәл қазір карьерамдағы ең маңызды» жұдырықтасу деп атап, қарсыласына құрметпен қарайтынын жеткізді.
Бастапқыда 5 мамыр күні өтетін кездесуде Головкин мексикалық Сауль «Канело» Альвареске қарсы рингке шығуы керек болатын. Жекпе-жектің Лас-Вегаста өтуі керек болатын, алайда Сауль Альварестің қанында кленбутерол атты рұқсат етілмеген препараттың табылғаннан кейін кездесу болмайтын болды.
Белгіленген күнді жоғалтқысы келмеген Головкин басқа қарсылас іздеуге көшкен. Мамандар GGG-дің IBF белдігіне үміткер украиналық Сергей Деревянченкомен қолғап түйістіретінін болжаған. Бірақ Головкиннің промоутері Том Лефлер бұл кездесудің сондай қысқа мерзімде ұйымдастыруға келмейтінін мәлімдеді. Осыған байланысты Головкиннің IBF белдігінен айырылып қалуы мүмкін.
Келіссөздер нәтижесінде GGG командасының таңдауы Ванес Мартиросянға түсті. WBA мен WBC ұйымдары армян тектес америкалыққа Головкинмен рингке шығуға рұқсат берді. Артынша, кездесу өтетін орын Карсон қаласына ауыстырылды. Ұйымдастырушылардың Калифорнияны таңдауы тегін емес: Мартиросянды қолдайтын жанкүйерлердің басым бөлігі бұл штатта шоғырланған. Сол себепті көрермен тапшылығы болмайды деп күтілуде.
Бауыржан Мұқан