Ағылшындардың «Ливерпуль» командасы УЕФА чемпиондар лигасының жартылай финал ойындарының алғашқы матчында 5:2 есебімен италиялық «Рома» командасының тас талқанын шығарды.

Ливерпульдік команданың мысырлық жұлдыз ойыншысы Мохаммед Салах бес голдың төртеуін ұйымдастырды. Ливерпульдік «перғауын» екі гол соғып, әріптестері Садио Мане мен Роберто Фирминоның нәтижелі соққы жасауына мүмкіндік жасады.

«Энфилд Роуд» стадионында жоғары жылдамдықта басталған кездесуді қос команда алма кезек шабуылдармен бастады. Бірінші таймның белуарынан асқанда ағылшын командасы қысымды арттырып, қарсыласты тығырыққа тірей бастады. Жылдам өрбіген қарымта шабуылдарға сенім артқан «Ливерпуль» ойынның 36-шы минутында есеп ашты. «Романың» бұрынғы ойыншысы, «Ливерпульдің» бүгінгі жұлдызы  Мохаммед Салах қарсылас қақпасының үстінгі сол жақ бұрышына дәлдеді. Бірінші таймның аяқталуына санаулы секундтар қалғанда мысырлық шабуылшы қарымта шабуылда есепті еселеді.

 Embed from Getty Images

Екінші таймды да үлкен қарқынмен бастаған «қызылдар» Салахтың көмегімен 56-шы (С. Мане) және 61-ші (Р. Фирмино) минуттарда гол соқты. Ал Фирминоның осы кеште соққан екінші голы есепті 5:0-ге жеткізді.

 Embed from Getty Images

Ойынның 70-ші минутынан кейін барып өзіне келе бастаған «Рома» есепті қысқартты. 81-ші минутта Эдин Джеко қақпаның кілтін тапса, 85-ші минутта ағылшындардың капитаны Джеймс Милнердің өз алаңында қолмен ойнағаннан кейін белгіленген пенальтиді Диего Перотти сәтті орындады.

 Embed from Getty Images

Ливерпульде ойналған матчта алаң иелері бірнеше рекордты жаңартты. Команда капитаны Джеймс Милнер чемпиондар лигасының бір маусымында 9-шы гол пасын берген алғаш ойыншы болды. Милнерге дейін Уэйн Руни (2013/14 маусымында) мен Неймар (2016/17) бір маусымда 8 нәтижелі пасқа қол жеткізген болатын.

 Embed from Getty Images

Мохаммед Салах гол+пас жүйесі бойынша жартылай финал ойындарында 4 (2+2) ұпай жинап, Роберт Левандовскидің нәтижесін қайталады. Левандовски 2012/13 маусымында «Реалға» қарсы өткен жартылай финалдық ойында төрт гол соққан еді.

 Embed from Getty Images

Сондай-ақ, шабуыл сапындағы Салах, Мане және Фирмино ливерпульдік командаға үш ойыншысы бір маусымда кемі 8 гол соққан алғашқы команда атағын әперді. Бұл аз десеңіз, 1994/95 маусымынан кейін алғаш рет чемпиондар лигасының жартылай финал матчында бір команда 5 гол соқты. «Ливерпульге» дейін «Аякс» – «Бавария» матчында (5:2) алаң иелері қонақтар қақпасына бес доп салған.

 Embed from Getty Images

«Рома» мен «Ливерпуль» арасында өтетін жауапты кездесу мамырдың 2-сінен 3-іне қараған түні өтеді.

Ал бүгін екінші жартылай финал ойынында «Бавария» (Германия) Мадридтің «Реал» (Испания) командасын қонақ етеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз