Иран СІМ Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың мәлімдемесін ойға қонымсыз және күлкілі деп атады. Дүйсенбіде Нетаньяху Тегеранды жалған мәлімдемелері үшін айыптаған еді. Премьер «ядролық мәмілеге» қол қойылғанымен, Иран Ислам Республикасында атом қаруы әлі де жасақталып жатқандығын дәлелдейтін құжаттарды израильдік барлау қызметі қолға түсіргендігін жария етті.
«Иран бұл уақытқа дейін жалған сөйледі» деген Нетаньяху Израиль барлау қызметі тапқан құжаттар батыс елдеріне жіберілгендігін, соның ішінде Иранға қатысты санкцияларды жаңартудың қажеті бар-жоқтығын ойластырып жатқан АҚШ-қа бағыт алғандығын алға тартты, деп жазады Euronews.
Иран қол қусырып отырған жоқ – Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп өз кезегінде ирандықтар «қол қусырып отырған жоқ» дейді. Иран хабар тарату үшін зымырандар жасап шығарып жатырмыз дейді, мен бірақ олай ойламаймын» деген АҚШ басшысы 12 мамырға дейін Иран мәселесінде шешім қабылдайтындарын атап өтті.
2015 жылы Иран мен АҚШ өзара келісімшартқа қол қойды, шарт бойынша Иран өздерінің атомдық зерттеулерін халықаралық қатаң бақылауға қоюға міндетті, есесіне, батыс елдері тарапынан Иранға салынған санкциялар алынып тасталады. Ираннан санкцияларды алып тастау 2016 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады.
Д. Трамп АҚШ-тың экс-президенті Барак Обама келісім жасасқан шартты қатаң айыптап, оны «ең нашар мәміле» деп атады. Соңғы уақытта Вашингтон шартты жою үшін бірқатар дипломатиялық шаралар қолдануда.