Линц қаласында Жоғарғы Аустрия федералды жерінде қызмет көрсететін Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылу салтанаты өтті. Оның ашылу рәсіміне жергілікті үкімет және парламент мүшелері, өңірдің іскер және мәдени ортасының, консулдық корпустың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдырының өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Қазақстанның Аустриядағы Елшісі Қайрат Сарыбай жаңа Құрметті консул Фридрих Флоймайрге консулдық патентті және Қазақстан Республикасының туын табыс етіп, қазақстан-аустриялық ынтымақтастықты кеңейту жолында сәттіліктер тіледі. Қазақстандық дипломат Павлодар облысы мен Жоғарғы Аустрия арасындағы орнатылған әріптестіктің зор мүмкіншіліктеріне назар аударды. Жоғарғы Аустрия федералды жер Үкіметінің министрі Макс Хигелсбергер Линц қаласында Қазақстан Республикасы өкілдігінің құрылуын құптап, аталған федералды жердің Қазақстан өңірлері, соның ішінде Павлодар облысымен ынтымақтастық орнатуға қызығушылығын атап өтті.
Сол өңірдің атақты кәсіпкері, Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Фридрих Флоймайр жоғары сенім білдіргеніне алғысын білдіре отырып, екі елдің арасында достық қарым-қатынасты нығайтуға барлық күшін салатынын айтты.
Іс-шара аясында Қазақстан Республикасының Аустриядағы Елшілігі тарапынан жүргізіп жатқан «Қазақ Інжулері – Ұлы Дала cарыны» жобасы шеңберінде Аустрияның жоғарғы оқу орындарында білім алып жүрген Қазақстан Республикасының жас музыканттарының концерті ұйымдастырылды.
Сабина Сайлаубай