Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (38-1-1, 34 КО) спорттан уақытша шеттетілді. Бұл туралы Vesti.kz порталы хабарлайды.
Геннадий Головкин Невада штатының Атлетикалық комиссиясының шешімімен 31 қарашаға дейін бокстан шеттетілді. Сайттың мәліметіне қарағанда мұндай уақытша спорттық шектеулер жекпе-жектен кейінгі қалыпты жағдай.
Еске саламыз, Геннадий Головкин Лас-Вегастағы бокс кешінің басты жекпе-жегінде мексикалық Сауль Альвареске ұпай айырмасымен есе жіберіп, чемпиондық атақтарын қорғап қала алмады.
Екі боксшы арасындағы жекпе-жек Лас-Вегастағы T-Mobil аренасында өтті. Бірінші кездесу де дәл осы шаршы алаңда өткен болатын. Бір жыл бұрынғы кездесуде екі боксшы тең түскен еді.
Айта кетейік, жекпе-жектен кейін Сауль Альварес те уақытша спорттан шеттетілді. Канелоның спорттан “шеттелу” мерзімі 15 қарашада аяқталады.