Назарбаев Никол Пашинянмен кездесті

0
76

Мемлекет басшысы Тәжікстанда Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысынан кейін Армения Республикасының премьер-министрі Никол Пашинянмен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесуде тараптар екі жақты ықпалдастық және сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде ілгерілеп келе жатқанына тоқталып, оны кеңейтудің әлеуеті жеткілікті екенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Президенті: Қазақстан Армениямен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болды. Елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 60 пайызға жуық өсті. Бұл үрдіс қазір де жалғасын тауып отыр. Мұнымен шектелмейтінімізді атап өткім келеді. Үкіметтеріміз екі жақты байланыстарды нығайту үшін күш жұмылдыруы керек. Біздің компанияларымыз екі елдің де экономикасына инвестиция құя алады.

Мемлекет басшысы еңбек миграциясы мәселелеріне және екі ел кәсіпкерлері арасындағы байланыстарды кеңейту қажеттігіне тоқталып, ол үшін тиімді жағдай жасалғанын атап өтті.

Н.Пашинян Нұрсұлтан Назарбаевқа кездесуге және мемлекетаралық байланыстарды одан әрі нығайту ісіндегі маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік туғызғаны үшін ризашылық білдірді.

Никол Пашинян Армения Премьер-Министр: Өзара ықпалдастығымыз оң қарқын алып отырғанымен ерекшеленеді. Оның одан әрі осылай ілгерілей беретініне сенімдімін. Біз үшін Қазақстанмен арадағы байланыс өте маңызды. Экономика секторындағы қатынастарды, соның ішінде инвестициялық ынтымақтастықты дамыта түсеміз деп үміттенеміз.

Сонымен қатар, Н.Пашинян Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты халықаралық ұйымдар аясында нығайтудың маңызды екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз