Елбасы билiк басында отырғандардан бастамашыл болуды талап еттi

0
73
Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары жазғы демалыстан кейiн қызметтерiне кiрiстi. Алтыншы шақырылымның үшiншi сессиясы Парламенттің қос палатасының бiрлескен отырысымен басталды. Жылдағыдай бірлескен отырысқа Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Былтыр қызметіне кіріскен Парламенттiң үшiншi сессиясын ресми түрде ашқан Елбасы депутаттардың жұмысына сәттiлiк тiледi. Елбасы Назарбаев алдағы жылы мәжілісмендерді күтіп тұрған бірқатар жұмыстармен таныстырды.

Қазақстанның биыл жаңғырудың жаңа көкжиектерiн ашып, iргелi процестердi жүйелi түрде жүзеге асыруға кiрiскенін атап өткен Елбасы жаңғыру үрдiсi негiзгi үш салада: экономикалық, саяси және рухани бағыттар бойынша өрбитінін мәлімдеді. Президент Назарбаев осы үш бағытты ұстанған елдердің өсіп-өркендейтінін айта келе, аталмыш реформалар негізінде еліміздің «Қазақстан-2050» стратегиясында қойылған мақсаттарға жететінін нақтылады. «Түпкi мақсатымыз – 30 өркендеп, өскен елдiң арасында болу. Болашақта бiрлiгiмiздi сақтайтын болсақ, алатын белестерiмiз әлi көп. Барлығына қолымыз жетедi деп сенемiн», – дедi Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Үкімет пен Парламенттің бірлесе отырып атқаруы тиіс жұмыстарына тоқталған Елбасы билiк басында отырған азаматтардан бастамашыл болуды талап еттi. Парламенттің қызметiн жаңа жүйемен бастағанын мәлімдеген Нұрсұлтан Әбішұлы Парламент пен Үкiметке қосымша өкiлеттiктер берiлгеніне байланысты жауапкершiлiктің де артқанын қадап айтты. «… бiздiң басты кемшiлiгiмiз – билiк тармақтары тарапынан жасалған бастамалардың деңгейiнiң төмендiгi. Мұнда менiң де кiнәм бар шығар. Көп бастамалар жасалуы қажет, өзгеру керек», – деген Елбасы Назарбаев былтыр Үкiмет құрамы өзгерген кезде де қозғалған бұл мәселенің тағы да қайталанып отырғанын, бұдан былай жол берілмеуі қажет екенін ескертті. Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша,  Конституция мен заңда жазылғандай әр министр өз iсiне қатысты жауап бередi, ал Үкiмет елдiң экономикалық саясаты мен бағдарламалардың толық жүзеге асуына толықтай қадағалайды. Парламент болса,  заң шығарушы орган ретінде қадағалаушы өкiлеттiгіне ие.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Әбішұлы міндетті медициналық сақтандыру жүйесін сынға алды. Елiмiзде енгiзiлгел жатқан медициналық сақтандыру жүйесiнiң толық жетiлмегенiн айқтан Елбасы 2 миллион 700 мыңға жуық өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар санатына кiретн азаматтардың шынайы әлеуметтік жағдайын анықтауды тапсырды.

Назарбаев бүкiл әлемде сақтандыру жүйесiнің жақсы дамығанын айта келе, елімізде де жалпы сақтандыру саласы мен сақтандыру қызметтерiнiң қолжетiмдiлiк деңгейiнің көтерілуіне назар аударды. Медициналық сақтандыру жүйесін енгізуді прогрессив бағыт деп атаған Елбасы Еуропа ынтымақтастық және даму ұйымына (ЕЫДҰ) мүше елдердiң алтауының ғана сақтандыру жүйесін енгізгенін атап көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, сақтандырумен 5 жыл жұмыс iстеген Грузия бұрынғы жүйесiне қайта оралған, осы тәжірибені ескере отырып, «100 қадамда» жазылғандай кейбiр жайттарды қарастыруымыз керек. Елдегі 2,7 млн адамның өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар болып саналатынын және «өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар» деген салық төлемеудiң тiкелей жолы екенін алға тартқан Елбасы Үкiметке өзiн-өзi жұмыспен қамтығандар кiм екенiн анықтауды тапсырғанын мәлімдеді. Президент Назарбаевтың пікірінше, 3 млн-ға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат медициналық сақтандырудан мақұрым қалайын деп тұр. Басқаларға бұрынғыша емделе бер, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға төле деуге болмайды, бұл жүйеге көшкенмен, қателесуге жол жоқ.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды, салық саясатын, жекеменшiк банктердiң жұмысын жетiлдiрудi, дәрi-дәрмек бағасын реттеудi тапсырды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз