Аралас жекпе-жек түрінен (UFC) жеңіл салмақ дәрежесі бойынша чемпион ресейлік Хабиб Нурмагомедов америкалық әйгілі кәсіпқой боксшы Флойд Мейвезерді жекпе-жекке шақырды. Екі спротшы да бір де бір рет жеңіліп көрмеген. Ресейлік спортшының үндеуін оның менеджері Деджуан Блейк Instagram парақшасында жариялады.
Мейвезер әзірге Нурмагомедовке жауап бермеді.
Бес салмақ дәрежесі бойынша бокстан бұрынғы әлем чемпионы Флойд Мейвезер 50 рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңген.
7 қазанда Нурмагомедов ирландиялық Конор МакГрегорды жеңіп, жеңіл салмақта әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Жекпе-жектен соң ресейлік қоршаудан шығып, МакГрегордың жанкүйерлерімен төбелескен. UFC Нурмагомедовке чемпион белбеуін бірден берген жоқ. Ұйым спортшы жекпе-жек нәтижесі ресми түрде жарияланбай жатып октагоннан шығып, ережені бұзғанын мәлімдеді.
Мейвезер 2017 жылы тамызда МакГрегормен жұдырықтасып, техникалық нокаутпен жеңген. Жекпе-жек бокс ережесі бойынша өткен. Ол кезде Мейвезер өзінің соңғы рет жекпе-жек өткізіп тұрғанын мәлімдеген болатын.