Қалалық әкімдікте өткен аппарат отырысында елорда әкімі Әсет Исекешев бірқатар қалалық құрылымдардың есебін тыңдап, Астананың апта ішіндегі ахуалымен танысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.
Жыл басынан бері қалада кабельдік сымдардың 521 тұйықталу және ұшқындау оқиғасы тіркелді. Бұл 2016 жылдың аталған кезеңімен салыстырғанда 131 оқиғаға немесе 25% көп.
Қала әкімі Әсет Исекешев «Дамыған мемлекеттерде коммуникациялық желілердің барлығын жердің астымен жүргізеді. Ал бізде әлі күнге дейін көшелерде кабельдік сымдар жоғарыда ілініп тұр. Осыған орай аудандық әкімдіктерге тиісті қызметтермен бірлесіп, ағымдағы жылдың соңыңа дейін қала аумағындағы жоғарыда ілінген кабельдік желілерді түгендеп, оларды ретке келтіру жөнінде нақты ұсыныс әзірлеуді жүктеймін», – деді.
Сондай-ақ, жол инфрақұрылымына қатысты мәселелер де талқыға салынып, қала әкімі 10 қарашаға дейін қаладағы проблемалық аумақтардың кемшіліктерін (жол пандустары, жол жиектері, тас төсемдерін және т.б.) толық түгендеп, тиісті шараларды қабылдауды тапсырды.
Жадыра Аманбайқызы