Қазақстандық киберспортшы Дәурен Қыстаубаев “FaZe Clan” командасының сапында CS:GO ойынынан ELEAGUE CS:GO Invitational 2019 халықаралық жарысында топ жарды. Бұл туралы ALAMAN спорт порталы хабарлады.
ELEAGUE CS:GO Invitational 2019 жарысында төрт команда бақ сынады. Атлантадағы ELEAGUE Arena алаңында өткен алғашқы турда “FaZe Clan” “Cloud9” командасына есе жіберген. Дегенмен “FaZe Clan” төменгі себетте “compLexity Gaming” және “BIG” командаларын жеңіп ақтық сынға жолдама алды. Финалдық кездесуде қазақстандық ойыншының командасы америкалық “Cloud9” ұжымын 2:1 есебімен жеңіп, 80 мың АҚШ долларын иеленді.
Дәурен “AdreN” Қыстаубаев “FaZe Clan” командасына осы жылдың басында қосылған. Қазақстандық киберспортшы 3 наурыз күні өтетін Intel Extreme Masters Season XIII — Katowice Major 2019 аяқталғанша солтүстік америкалық ұжымның сапында өнер көрсетеді.