14 ақпан күні Ресей, Иран және Түркия президенттері Сириядағы жағдайды талқылау үшін Сочиде кездеседі. Бұл туралы жексенбі күні ресейлік және түркиялық ақпарат құралдары хабарлады.
Владимир Путиннің Хасан Роухани және Режеп Ердоғанмен кездесуінің егжей-тегжейі айтылмайды, алайда ресейлік НТВ компаниясының хабарлауынша, үш президент Сирияның Идлиб провинциясындағы деэскалация аймағы төңірегіндегі ахуалды және АҚШ-тың Сириядан әскерін әкететінін талқылайды.
Бұған дейін Путин, Роухани мен Ердоған Сириядағы жеті жылға созылған азамат соғысын саяси жолмен реттеуге қол жеткізуге ниетті екендерін мәлімдеген болатын.
Мәскеу мен Тегеран Сирия президенті Башар Асадтың режимін жақтайды. Түркия мен АҚШ Сириядағы әртүрлі көтерілісшілерді қолдайды.
Соңғы жылдары Сириядағы қарулы жанжалды доғару жөніндегі келіссөздердің бірнеше кезеңі өткен. Азаттық радиосының хабарлауынша, Сириядағы соғыс басталғалы бері 400 мыңнан астам адам қаза тауып, миллиондаған адам тұрғылықты жерін тастап, бас сауғалап кетуге мәжбүр болған. Соғыс кесірінен елдегі тарихи ескерткіштер тонауға түсіп, кейбірі жойылып кеткен.