19 ақпан күні Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде аталған орталықтың салтанатты ашылуы өтті. Бұл туралы АҚҰПУ-дың баспасөз қызметі хабарлады.
Орталықта жас ақындар айтыс өнеріне қатысты сабақ алып, өнерлерін шыңдайды.
“Ауызша авторлық поэзия мен жазба әдебиеттің тұтас құбылысы осы жерде сарапталып, студенттедің дайындық деңгейлері негізгі сабақ түрінде талқыланып отырады. Сондай-ақ, әдеби ізденістерге қатысты қандай ғылыми жетістіктер болып жатыр, соның бәрі орталықта талқыланады. Дәрістер, әдеби-танымдық шаралар өткізіледі”, – деді профессор Темірхан Тебегенов.
Ақын Оразалы Досбосынов білім алған бұл білім ордасы биыл 90-жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр.
Орталықтың ашылуы еліміздің жас ақындарының айтысымен жалғасуда. Оған 50-ден аса студент қатысып, бүгін іріктеуден өткен ақындар ертең жүлделі орындарға таласатын болады.
Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы Райымбек (Нарынқол) ауданы, Тегістік аулында дүниеге келген. Республикалық және Халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпазы, жүлдегері. Қазақ айтыс өнеріне айрықша үлес қосқан ерекше дарын иесі 2005 жылдың 30 қазанында 29 жасында жол апатынан көз жұмды. Артында өшпес мол мұрасы қалды. Нұрсұлтан, Нұрайша есімді ұлы мен қызы бар.