Токио астаналық орталық кітапханасында Қазақстан әдебиеті және мәдениеті орталығы ашылды деп хабарлайды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Токио астаналық орталық кітапханасы директоры, Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханасының Басшысы Үмітхан Мұңалбаева, ғалым, философия ғылымдарының докторы, академик Ғарифолла Есім, ақын, «Жұлдыз» әдеби-көркем журналының бас редакторы Есдәулет Ұлықбек, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Еуразия Ұлттық университетінің доценті Оңайгүл Тұржан, Жапониядағы шығармашылық зиялы қауым, Токиодағы қазақ диаспорасының өкілдері, студенттер мен мектеп оқушылары қатысты.
Бұдан өзге орталықта Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, соның ішінде, Елбасының әлемдік саяси аренадағы орны мен рөліне арналған кітаптары, тарих, ғылыми-көпшілік және көркем әдебиеті бойынша кітаптар ұсынылады. Барлығы 200-ге жуық кітап тапсырылды.
Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер министрлігі, Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің ықпалдасуымен ашылды.
Атап өтерлігі, Қазақстан әдебиеті орталығының ашылуы Токио астаналық орталық кітапханасы оқырмандарына қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті, өнерімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Бұл Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктері мен оның экономика, саясат, әлеуметтік салалардағы табыстарын көпшілікке таныстыруға жол ашады.
Токио астаналық орталық кітапханасы 1973 жылы Токио астаналық кітапханасы ретінде құрылды. Оның қорында 1,98 миллионға жуық кітап, 6000 журнал мен газет, әртүрлі аудиовизуалды және сирек құжаттар (Ukiyo-e мен Эдо мұнарасының архитектуралық эскиздері) бар. Сонымен қатар, Орталық кітапхана Токиодағы қоғамдық кітапханалардың арасында шетел әдебиетінің айрықша коллекцияларын сақтаған. Бұл коллекция Орталық кітапханада бар жалпы қордың 1,71 миллион томның оннан бір бөлігін құрайды.
Сабина Сайлаубай