Түркияда күллі түркі жұртының ұлы ғұлама ғалымы, ойшылы Қожа Ахмет Яссауи жайлы «Sarp Yokuş» атты роман жарық көрді. Авторы – жазушы Алпер Қаған Үчер.
Осыған байланысты Қазақстанның Анкарадағы елшілігінде кітаптың тұсаукесері өтті деп хабарлайды Хабар 24. Іс-шараға Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Кеңесінің төрағасы – Мұса Йылдыз, Еуразия жазушылар Ассоциациясы төрағасы – Якуб Омар-оғлы, ТҮРІКСОЙ бас хатшысының орынбасары – Фырат Пурташ және түркі әлемінің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы аталған туындының бауырлас халықтар үшін бірдей маңызды екендігін және Президенттің рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткізілген іс-шаралар туралы әңгімелеп берді. Кітап авторы жазушы Алпер Қаған Үчер өз кезегінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани жаңғыру бастамаларын жоғары бағалап, Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлы ғұламалардың мұраларын сақтаудың маңыздылығын тілге тиек етті.
Сабина Сайлаубай