ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова бас қаладағы балалар мерекесіне орай өтіп жатқан мерекелік шеруге қатысты.
«Құрметті балалар, бүгін міне тағы бір оқу жылын аяқтап, жазғы демалысқа шықтық. Бүгіннен бастап еліміз бойынша мыңдаған лагерьлер сіздер үшін өзінің есігін ашады. Сондай-ақ, жаздай сіздерге арналған түрлі бағыттағы танымдық шаралар ұйымдастырылатын болады. Бүгінгі мереке бәрімізге ортақ, себебі бала қуанса, бәріміз қуанамыз. Бала бақытты болса, бізде бақыттымыз. Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылатын бұл мерекелік шеруге осы үш жылдың ішінде еліміз бойынша 600 мыңнан аса жас жеткеншік қатысуда», – деді К. Шәмшидинова.
Сонымен қатар, білім министрі балалардың жарқын болашағы үшін әрбір қазақстандық үлес қосу керектігін айтып өтті.
«Әрбір оқушының балалық шағы ерекше сәттермен есте қалуы тиіс. Бүлдіршіндеріміздің болашағының бейбіт және жарқын болуы жолында біздер, қазақстандықтар, өз үлесімізді қосуға тиістіміз. Оның ішінде әрине білім берудің алатын орны ерекше, біз бұл тұрғыда білім беру жүйесін күн санап жетілдіру бағытында жұмыс істейтін боламыз», – деді ол.