Англияның “Ливерпуль” командасы Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. 1 маусымда Мадридте (Испания) өткен финалда “Ливерпуль” тағы бір ағылшындық команда “Тоттенхэмді” жеңді – 2:0.
Матчтың 2-минутында египеттік ойыншы Мохамед Салах пенальтиден есеп ашты. Ал екінші голды 87 минутта бельгиялық футболшы Дивок Ориги салды.
- “Ливерпуль” командасы Чемпиондар лигасында алтыншы рет (1977, 1978, 1981, 1984, 2005 жылдар) жеңіске жетті. Бұл жарысты испаниялық “Реал” клубы – 13 рет, италиялық “Милан” 7 рет ұтқан.
- “Ливерпуль” екінші жыл қатарынан Чемпиондар лигасының финалында ойнады. Былтырғы финалда бұл команда “Реалдан” жеңілген.
- “Тоттенхэм” клубы Чемпиондар лигасының финалында алғаш рет ойнады.
“Ливерпуль” финалға дейін “Бавария” (Германия), “Порту” (Португалия) және “Барселона” (Испания) клубтарын жеңді. Ал “Тоттенхэм” командасы “Боруссия Дортмунд” (Германия), “Манчестер Сити” (Англия), және “Аякс” (Голландия) клубтарын жарыстан шығарды.
Чемпиондар лигасы – UEFA (Еуропа футбол қауымдастығы) құрамына енетін елдер клубтары қатысатын ең ірі футбол жарыстарының бірі. Коммерциялық жарысқа UEFA ұйымына мүше елдердің чемпионатында жеңген және жүлде алған командалар қатысады.