Астана ИЫҰ саммитінде Мьянмадағы шиеленіске қатысты қорытынды есеп қабылданды

0
152

10-11 қыркүйек елордамыз Астанада өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінде Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарының мәселесіне қатысты қорытынды есеп қабылданды.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар бойынша өтіп жатқан саммитінде Түрік республикасының тарапынан Мьянмадағы рохинджа мұсылмандарына қатысты мемлекет және үкімет басшылары отырысы төрағасының қорытынды есебі әзірленгенін атап өтті.

Отырыстың қорытындысы бойынша, қатысушылар Мьянма Үкіметін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мониторингтік миссиясын қабылдауға шақырды. Бұдан өзге мекендерін тастап шыққан рохинджалық босқындарды өз елдеріне қайтару үшін керекті шаралар қарастырылатыны және оларға азаматтық беруді тез арада шешу мәселесі де талқыланды. Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар Мьянма Үкіметіне елдегі ахуалды ушықтырмай, тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға шақырып, бастама көтерді.

Атап өтсек, ИЫҰ-ның ғылым және технологиялар жөніндегі саммитінің пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Мьянмада орын алған шиеленісті тоқтату туралы мәлімдеме жасаған болатын. Бұдан өзге Қазақстан басшысы террористік жарылыстардың кесірінен бірінші кезекте мұсылман елдерінің өздері зардап шегетінін алға тартып, батыс елдерінде мұсылмандарға деген қарсылық жыл сайын ұлғайып келе жатқанын өз кезегінде 1,5 млн мұсылман қауымын біріктіретін Ислам әлемінде бірліктің жоқ екенін тілге тиек етіп, аталған жайттарды қалыпқа келтіру керектігі күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз