Қазақстандық триатлоншы Әнел Сытдықова Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті. Бұл туралы БҚО әкімі Ғали Есқалиев facebook парақшасында жазды.
“Жерлесіміз Әнел Сытдықова әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті! Өткен түні Әнел 38 шақырым қашықтықты 15 сағат 15 минут уақытта гидрокостюм кимей жүзіп өтті. “Қазақстанның темір ханшайымы” атағын бірнеше мәрте иемденген біздің триатлоншымыз Әнел Сытдықованы, бапкерлерін, жақындарын таңдай қағуға тұрарлық нағыз жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! Спортшыларымыз жеткен жетістік – біз үшін де зор мәртебе!”, – деді облыс басшысы.
“Мәреге соңғы шақырымдар қалғанда дауыл басталды. Мені ағын алып кетті. Сондықтан уақытым тағы бір сағатқа және қосымша 4-5 шақырымға созылды. Қазылар алқасы жалпы ұзақтықты 38 шақырым деп тіркеді”, – деді Әнел Сытдықова.
Uralskweek сайтының жазуынша, бүгінде Әнел отбасымен Англияда тұрады. 9 жыл бұрын түрлі елдерде триатлон жарыстарына қатыса бастады. Нәтижесінде әлемнің ең үздік спортшыларының қатарына енді. Әлия мектепті Орал қаласында бітіріп, жоғары оқу орнын Алматыда үздік аяқтаған. Кейін Лондон университетін тәмамдады. Жолдасы Нұрланмен бірге үш баланы тәрбиелеп отыр. Спортшы келіншек “Қазақстанның темір әйелі” титулына ие. Ол Қазақстан әйелдері арасында алғашқы Айронмен (Ironman) және алғашқы Ультрамен (Ultraman).
Атап өтейік, ТМД елдерінде оның жетістігіне әлі ешкім жеткен жоқ.