10 қыркүйек күні ҚР Парламенті Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында “ҚР Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы қаралды.
ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық орнату академиялық қоғамдастықтың күш-жігерін, ғылыми және білім әлеуетін біріктіруге жол ашады. Оған қатысушылардың ресурстары мен мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Бұл мақсатта 2016 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс басталды.
Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) – қарапайым бөлшектер физикасын зерттеу саласында әлемдегі жетекші ұйым.
2018 жылдың маусымында Женева қаласында CERN-мен ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру мақсатында Ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты ҚР Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасындағы келісімге қол қойылған.
Осы келісімді ратификациялау ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға жағдай жасайды. Қазақстанның ғалымдары, инженерлері, студенттері мен техникалық мамандары үшін ұзақ мерзімдік негізде CERN ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға жол ашады.
Сонымен бірге, CERN-мен ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жол картасы әзірленген. Ол Энергетика министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің бірлескен бұйрығымен бекітілді. Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасына қолдау білдіріп, құжатты Сенаттың жалпы отырысының қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.