22 қыркүйекте “Тіл туралы” Заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай қазақ тілі жанашырларына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “алғыс хаты” табысталды. Бұл туралы ҚР президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақорда резиденциясында Мемлекет басшысының марапатын Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев тіл жанашырлары Мырзатай Жолдасбек, Өмірзақ Айтбаев, Мұхтар Шаханов, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Асылы Осман, Сәуле Мешітбай, Сайлау Батырша-ұлы, Кенжехан Матыжанов, Мереке Құлкенов, Шәмшидин Пәттев, Дос Көшім, Қайнар Олжай, Камал Әлпейісова, Еркін Қыдыр, Владислав Тен, Максим Рожин секілді азаматтарға табыстады.
Сонымен қатар, “Ана тілі” ұлт апталығы, “Жас қазақ” қоғамдық-саяси газеті мен Алматы облыстық “Жетісу” телеарнасының “Тіл сақшысы” бағдарламасының ұжымдарына да “Алғыс хат” табысталды.
1989 жылы 22 қыркүйекте ел тарихында тұңғыш рет “Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының тіл туралы” Заңы қабылданды.
1995 жылы 30 тамызда қабылданған Конституцияда қазақ тілі – мемлекеттік тіл болып бекітілді.