Футболдан Түркия құрамасының бұрынғы жартылай қорғаушысы, 2002 жылғы әлем чемаионатының қола жүлдегері Хакан Шүкір Түркия билігімен арадағы келіспеушіліктерден кейін жұмыссыз қалып Вашингтонда такси айдап күнелтіп жүр. Бұл туралы eurosport.ru хабарлады.
Спортшының банктегі шоттары бұғатталған. Әлем чемпонатындағы ең жылдам голдың авторына қысым оның саяси көзқарасы үшін жасалған.
Хакан Шүкір бірнеше жыл бұрын Түркия президенті Ердоғанның партиясына кірген. Алайда партиядағы жемқорлық пен жұмысты жүргізу тәсілі ұнамағандықтан одан шығып кеткен.
Осыдан көп өтпей экс-футболшы қысым көре бастайды. Банктегі шоттары бұғатталады. Билік тарапынан қысым тоқтамаған соң 2015 жылы отбасымен АҚШ-қа көшіп кетуге мәжбүр болған.
2016 жылы Хакан Шүкір “мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандарға қатысы бар” деп айыпталған. Оған халықаралық іздеу жарияланып, әкесі түрмеге қамалды. Алайда әкесі қатерлі ісікке шалынғандықтан, көп ұзамай бостандыққа шығарылады.
Түркия билігі футболшыға АҚШ-та да тыныш қалдырмаған. Өзінің сөзінше, пәтерін жалға берейін десе, жалға алушыларға тиісе ме деп қауіптенеді. АҚШ-та ашқан кафесін белгісіз біреулер бүлдіргеннен кейін амалсыз жапқан.
“Жұмыс істеуімнің себебі – ештеңем қалмады. Ердоған бостандығымнан бастап, ой еркіндігін, еңбек ету құқығымды дейін алып қойды. Олар әйелімнің дүкеніне тас лақтырды, балаларыма көшеде қоқан-лоққы жасады. Әрбір жасаған үндеуімнен кейін қорқыту-үркіту әрекеттеріне тап болдым. Елден кеткенде олар әкемді тұтқындады. Осы уақытқа дейін жинаған бар дүние-мүлкімді тәркіледі. Бұл отбасыма ауыр соқты. Айналамдағы барлық адам қаржыдан таршылық көріп келеді” дейді Хаkан “Рекорд” басылымына берген сұхбатында.
“Босфор бұқасы” лақап атымен танымал экс-футболшы “Галатасарай”, “Интер” және “Парма” клубтарында ойнаған. Түркия құрамасы сапында 100-ден астам ойын өткізген. 2002 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанған. Сол жарыстағы үшінші орын үшін болған ойында Корея құрамасының қақпасына 11 секундта гол салып, чемпитонаттағы ең жылдам гол иесі атанған.