Болат Төкежанов “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының” (ӘМСҚ) басшысы қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
“Болат Тұрғанұлы денсаулық сақтау жүйесінде тәжірибесі мол, саладағы ең маңызды реформаларды жүзеге асыруға тікелей қатысқан, барлық проблеманы іштен жақсы біледі. Қазір еліміздің денсаулық сақтау саласы қиын кезеңді бастан өткізіп отыр, бұл ретте коронавирусқа қарсы күрес шараларының шығынын өтеуде сақтандыру қорының рөлі өте маңызды”, – деп жазды денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзін министрлік баспасөз қызметі.
48 жасқа шыққан Болат Төкежанов – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын “экономист” мамандығы бойынша (1994 жыл), Қазақстан президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясын “мемлекеттік және жергілікті басқару” мамандығы бойынша (магистратура, 2010 жыл) тәмамдаған. Қор жетекшісі болып тағайындалғанға дейін денсаулық сақтау министрлігінде жауапты хатшы, вице-министр қызметтерін атқарған.
Коронавирус пандемиясы өршіген тұста ӘМСҚ бұрынғы басшысы Айбатыр Жұмағұловтың басы дауға қалды. Алдымен дәрі-дәрмек тапшылығы, ПТР талдауының жоқтығы, ауруханадағы ахуалдың қиындау қор жұмысына шағымды көбейтті, одан кейін тәуелсіз зерттеуші Гүлбану Әбенова мемлекеттік сатып алулар дерегі негізінде қордың салық төлеушілердің ақшасын үлкен көлемде ысырап қылғанын әшкереледі.
Жұма 10 шілдедегі үкімет отырысында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “ӘМСҚ және “СК Фармация” жетекшілерін жұмыстан шығарып, қажет болса тергеу жүргізу” қажетін айтты. Сол күні денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Айбатыр Жұмағұлов қызметінен айырылды.
ӘМСҚ Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы 1 шілдедегі қаулысы негізінде құрылып, 2017 жылдан жұмыс істей бастады. Сол кезден бастап Қазақстан азаматтары табысының бір бөлігін қорға аударып, медициналық қызметті сақтандыру қорына төлеген жарнасы есебінен алуы тиіс болды. Бұл қадамды медициналық қызмет сапасын жақсарту үшін жасағанын айтты. Бірақ тұрғындардың пікірінше, медициналық қызмет сапасы артпаған. Қордың сынға ұшырауы коронавирус пандемиясы өршіген тұста күшейді. Тұрғындар ПТР талдауы секілді медициналық қызмет шығындарын ӘМСҚ көтеруі тиіс деп шағынды.