15 қаңтарда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаудан парламентке өтетін партиялардың шегін 7-ден 5 пайызға дейін азайтатынын хабарлады.
“Кейбір партиялардың мәжіліс пен маслихатқа өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалды. Олардың әрқайсында белгілі бір саланы жетік меңгерген білімді, білікті азаматтар бар. Солар парламенттің биік мінберінен айтылуы тиіс көптеген мәселелерді дер кезінде көтеріп жүр. Осындай партиялардың өкілдері парламентке өтсе ондағы пікірталасты қыздыра түсер еді. Олар заң шығару жұмысының сапасын арттыруға да сүбелі үлес қосары анық. Сондықтан саяси партиялардың мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек”, – деді Тоқаев.
Енді парламент сайлауында 5 пайыз дауыс жинаған партиялар парламентке өте алады.
Бұған дейін тек 7 пайыз жинаған партиялар ғана парламентке өткен еді.
Сонымен қатар бұдан кейінгі сайлауда бюллетендерге “бәріне қарсымын” деген белгі енгізіледі.
Айта кетейік, 10 қаңтардағы мәжіліс сайлауы бойынша:
- “Нұр Отан” – 71,09 пайыз;
- “Ақ жол” – 10,95 пайыз;
- Қазақстанның халық партиясы – 9,1 пайыз;
- “Ауыл” – 5,29 пайыз;
- ADAL – 3,57 пайыз дауыс алған.