Президент Тоқаев үкімет құрамын бекітті

0
178
Ақорда.

18 күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің жаңа құрамын бекітті. Премьер-министр Асқар Мамин басқаратын министрлер кабинетінде тек екі министр ғана ауысып, қалғандары қызметінде қалды.

Әсет Ерғалиев ұлттық экономика министрі болып тағайындалса, Серік Шапкенов еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болды. Бұрын ұлттық экономика министрлігін Руслан Дәленов, еңбек министрлігін Біржан Нұрымбетов басқарған.

Үкіметтегі басқа қызметтер:

  • Әлихан Смайылов – премьердің бірінші орынбасары;
  • Роман Скляр – премьердің орынбасары;
  • Ералы Тоғжанов – премьердің орынбасары;
  • Мұхтар Тілеуберді – премьердің орынбасары – сыртқы істер министрі;
  • Ғалымжан Қойшыбаев – премьер кеңсесінің басшысы;
  • Нұрлан Ермекбаев – қорғаныс министрі;
  • Ерлан Тұрғымбаев – ішкі істер министрі;
  • Аида Балаева – ақпарат және қоғамдық даму министрі;
  • Сапархан Омаров – ауыл шаруашылығы министрі;
  • Марат Бекетаев – әділет министрі;
  • Асхат Аймағамбетов – білім және ғылым министрі;
  • Алексей Цой – денсаулық сақтау министрі;
  • Бейбіт Атамқұлов – индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;
  • Ерұлан Жамаубаев – қаржы министрі;
  • Ақтоты Райымқұлова – мәдениет және спорт министрі;
  • Бақыт Сұлтанов – сауда және интеграция министрі;
  • Юрий Ильин – төтенше жағдайлар министрі;
  • Әсет Ерғалиев – ұлттық экономика министрі;
  • Бағдат Мусин – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі;
  • Мағзұм Мырзағалиев – экология, геология және табиғи ресурстар министрі;
  • Нұрлан Ноғаев – энергетика министрі.

Елде заң бойынша, мәжіліс сайлауынан кейін үкімет тарап, қайта жасақталуы тиіс. Қазақстан президенті Тоқаев қоғамның сынына қарамастан өткен аптада премьер-министр қызметінде Асқар Маминді қалдыруды ұсынған. Мәжілістегі 78 депутат оның кандидатурасын қолдап, 21 депутат қалыс қалған.

Асқар Маминнің кандидатурасын елдің экс-президенті, мәжілістегі басым орынды алған “Нұр Отан” партиясының басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қолдаған. Президенттіктен кетсе де, билікке ықпал етіп отырған Назарбаев “Нұр Отан” партиясының жиынында Тоқаев Маминді премьер қызметіне ұсынса, “партия фракциясын оның кандидатурасын қолдауға” шақырған.

Сарапшылар Мамин басқаратын үкімет пандемияға дайын болмады, індет кезінде халыққа көмек қолын соза алмады, вирусқа елдің медицинасы коллапсқа ұшырады деп сынайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз