Сәрсенбі күні Қазақстанда коронавирус жұққан тағы 2436 адам анықталды. Оның ішінде ең көп Нұр-Сұлтан қаласында 807 адамнан коронавирус анықталды.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда – 807, Алматыда – 305, Шымкентте – 143, Ақмола облысында – 50, Ақтөбе облысында – 66, Алматы облысында – 52, Атырау облысында – 98, Шығыс Қазақстан облысында – 78, Жамбыл облысында – 27, Батыс Қазақстан облысында – 121, Қарағанды облысында – 394, Қостанай облысында – 51, Қызылорда облысында – 35, Маңғыстау облысында – 81, Павлодар облысында – 64, Солтүстік Қазақстан облысында – 20, Түркістан облысында 44 науқас тіркелген.
Өткен тәулікте 26 адам коронавиустан, 3 адам пневмониядан қайтыс болды. Былтыр наурыз айынан бері елде 425 573 адамның коронавирус тесті оң шыққан. 4375-і қайтыс болған. Бұған қоса, коронавирус пневмониясына шалдыққандар 57 113 адамға жетті. 3449-ы көз жұмған деп айтылады. Елде коронавирус пен коронавирус пневмониясына шалдыққандар бөлек есептеледі. Бірақ халықаралық ұйымдардың сайтында екі көрсеткіш біріктірілген.
Соңғы ақпарат бойынша, елде 2 млн 760 мың адам коронавирусқа қарсы вакцинаның кемінде бір дозасын алған. 1 млн 668 мыңы екі дозасын алған. Азаматтарға ресейлік “Спутник V”, қазақстандық QazVac және қытайлық Sinopharm және “Sinovac Biotech Ltd” компаниясының CoronaVac (Sinovac) вакцинасы егіліп жатыр.