10 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров қызметінен босатылды. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.
Таңертең президент Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің жалпы отырысында мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы министрінің қызметтен кетуі тиіс екенін айтқан.
“Биыл біз азық-түлікпен қамтамасыз етудің қаншалықты маңызды екенін түсіндік. Ауа райы мен тиімсіз болжаудың салдарынан Маңғыстау және Қызылорда облыстары күрделі жағдайда қалды. Тек Маңғыстау облысында ғана өлген малдың саны үш мыңға жетті. Шөптің бір тоннасы 23 мың теңге, ал кейбір облыстарда 42 мың теңге болды. Министрлік пен әкімдіктер қажетті шаралар қабылдамады. Дәйекті және нақты жұмыс жүргізілген жоқ. Олардың кінәсінен біздің ауыл шаруашылығы үмітсіз жағдайға тап болды. Кері байланыс болмағандықтан, фермерлер маған тікелей көмек сұрауға мәжбүр болды. Әрине, құрғақшылық – табиғи құбылыс, мен оны жақсы түсінемін. (…) Осындай қиын жағдайда жауапты министрлік шұғыл және шешуші шаралар қабылдауы керек еді, бірақ министрлік бұл жұмысты жүзеге асыра алмады. Сондықтан, осы салаға жауапты тұлға – министр Сапархан Омаров отставкаға кетуі тиіс деп есептеймін”, – деді Президент 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Сапархан Омаров ауыл шаруашылығы министрлігін 2019 жылдың 25 ақпанынан бастап басқарып келеді. Бұрын ол Мәжіліс депутаты болған.