25 шілдеде Қазақстанда 6637 адамнан коронавирус анықталды. Елде Covid-19 көрсеткіші тоқтаусыз өсіп жатыр. Бір күн бұрын 6631 адамның коронавирус тесті оң шыққан. Өткен жылдан бері бір күнде осынша көп науқастар тіркелмеген.
Қазақстанда коронавируспен байланысты адам өлімі көрсеткіші де жоғары. Екі күн бұрын 90 адам Covid-тен қайтыс болған: 70 адам – коронавирустан, 20 адам коронавирус пневмониясынан қайтыс болған.
Елде вирус өршіп тұр. Ресми мәлімет бойынша, маусым айымен салыстырғанда шілденің соңғы екі аптасында коронавирус жұқтырғандар 4,8 есе өскен. Билік вирустың күшеюін коронавирустың дельта вариантымен байланыстырады. Ол вирустың кәдімгі түріне қарағанда жылдам тарайды, аурудың асқынуы да тез.
Коронавирус әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматы, Шымкент қалаларында, Қарағанды облысында өршіген. Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда 1510 адамнан коронавирус анықталды. Алматыда – 1219, Қарағанды облысында – 781, Шымкентте 520 науқас тіркелген. Қалған облыстар мен қалаларда бір тәулікте анықталған науқастар 500-ге жетпейді. 25 шілдеде ең төмен көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (133) тіркелді.
Пандемия басталғалы бері 535 мыңнан астам адамның коронавирус тесті оң шыққан. Бұдан бөлек, ПТР тесті теріс нәтиже көрсетіп, бірақ ауру белгілері коронавирустыкіне ұқсайтын пневмония есебі бар. Үкімет бұл есепті былтыр 1 тамызда бастаған. Содан бері пневмонияның бұл түріне 59 мыңнан астам адам шалдыққан. 24 шілдеде 84 адамға коронавирус пневмониясы диагнозы қойылды.
Былтыр наурыз айынан бері 5452 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылады. Тамыз айынан бері коронавирус пневмониясы 3625 адамның өліміне себеп болған.
Қазір 83 мың адам коронавирустан емделіп жатыр. 23 мыңы ауруханада жатыр. 1700-ден астам адамның жағдайы ауыр. 183 науқас жасанды тыныс аппаратына қосылған.
Ақпан айынан бері халыққа коронавирусқа қарсы вакцина салынып жатыр. Содан бері 5,1 миллион адам вакцинаның бірінші дозасын алған. Екпенің толық дозасын алғандар 3,2 миллионнан асты.
Қазақстанда ресейлік “Спутник V”, қазақстандық QazVac, қытайлық Hayat-Vax және CoronaVac екпелерін салады.