Алматы облысы, Іле ауданы, Асылбұлақ ауылында 2018-2019 жылдары жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы атанған Жібек Құлымбетова тұрады. Спортты жанына кішкентайынан серік еткен Жібекпен аз-кем әңгімелестік.
14 жасар Жібек спорттың бұл түрімен айналысуды бастағанда “чемпион атану” мақсаты болмаған. Себебі ол шығармашылыққа, ән салып би билеуге жақын екенін айтады.
Анасы Жібекті спорт үйірмесіне бауырымен бірге жіберуді жөн санаған. Ол дайындыққа аса жауапкершілікпен қарап, үзбей қатыса бастаған. “Джиу-джитсу спортында ұру және тебу ережесі болмағандықтан аса қиын емес”, – дейді Жібек.
Чемпион атанғанда қандай сезімде болдың?
– Егер чемпион болған кезімді есіме түсірсем, ерекше сезімге бөленемін. Әрине, жеңіс әрдайым алға жетеледі. Сол сәтте қарсыластарымды уақытынан ерте жеңіп, ауырту тәсілін қолдандым. Жарысқа шықпай тұрып қандай жағдай болмасын Жаратушыға сеніп, cыйынып шығамын.
Алда қандай жарыстар күтіп тұр? Бапкерің туралы айта отырсаң.
– Қазіргі уақытта А2 жарысына дайындық қызу жүріп жатыр. Аптасына үш рет жаттығамыз. Жарыс немесе чемпионат жақындағанда күнде дайындаламыз. Спортта үлгі тұтатын ұстазым – Нұрсұлтан Орынбасаров. Көптеген жарыста жүлделі орын алуға себепкер болған кісі. Джиу-джитсу өте ерекше спорт. Егер өз ісіңді жақсы көріп, еңбек етсең, сол істің үздігі боласың. Спорттағы ең басты қағида – бапкердің айтқанын бұлжытпай орындау. Ал менің өмірлік ұстанымым: “Армандар орындалады, мақсатың айқын болса”.
Қазіргі уақытта Жібек өмірін спортсыз елестете алмайды. Болашақта джиу-джитсуды кәсіби түрде жалғастырғысы келетінін де жасырмады. Ол қазір кезекті жарыстарға дайындалып жатыр. Алда Жібекті талай дүбірлі додалар күтіп тұр.
Әмина Марданманова