Тоқаев: Біз Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз

0
256
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Photo: Bort #1

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев америкалық National Interest журналының вебсайтына мақала жазды. Ол мақалада “Нұр-Сұлтан әлемнің басқа елдері сияқты Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейді” деді.

“Қазақстан мен Ресей әлемдегі ең ұзын шекарасы бар елдер ретінде ерекше қарым-қатынас жасап келеді. Бұған қоса Украинамен де жақын достық қарым-қатынас бар. Біз әлемнің басым бөлігіндегі елдер сияқты Украинаның аумақтық тұтастығын қолдаймыз” деп жазды ол.

Тоқаев Ресейдің Украинаға басып кіргенін “соғыс” деп сипаттады. Кремль Ресейдің ішінде соғыс деген сөзді қолдануға тыйым салып, Украинаға басқыншылығын “арнайы әскери операция” деп атайды.

Бұған қоса Қазақстан президенті қақтығысты БҰҰ жарғысына сай реттеуге үндейді әрі екі ел президенттерін кездесіп, мәселені бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында Қазақстандағы саяси жағдайлар жайлы да жазып, “елдегі жүйе бұрын болғандай белгілі бір адамдар тобына емес, бүкіл халық үшін жұмыс істеуі керек” деді әрі Қазақстанда “саяси билік қайта теңестіріліп”, ел “суперпрезиденттіктен” “нормативті президенттік” жүйеге өтеді деп сендірді.

Президент Тоқаев алда парламентті күшейту үшін конституциялық өзгерістер болатынын да меңзеді. Биылғы қаңтар оқиғасынан соң сынға қалған Қазақстан президенті 16 наурыздағы жолдауында саяси реформалар болады деп уәде еткен.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз