Рим папасы Қазақстанға ресми сапармен келеді

0
171
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Рим папасы Францисктің онлайн кездесуі. Photo: Akorda.kz

11 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Рим папасы Францискпен онлайн келіссөз жүргізді.

Ақорда хабарлауынша, келіссөзде Қазақстан мен Ватикан арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың перспективалары, сонымен қатар конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогты ілгерілету мәселелері талқыланған.

Тараптар биыл қыркүйек айында елордада өтетін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінің күн тәртібіне баса мән берген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл форумның Қазақстан үшін маңызы зор екенін атап өткен.

Тоқаев конфессияаралық келісім мен бірліктің қазақстандық моделі туралы айтты. Мемлекет басшысы Рим папасына Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар жөнінде мәлімет берді.

Рим папасы кездесуге мүмкіндік бергені үшін президентке ризашылығын білдіріп, Қазақстанға ресми сапармен келетінін, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысатынын растады. Сонымен бірге өзінің Қазақстанға сапары мен алдағы уақытта өтетін форумнан үлкен үміт күтетінін жеткізді.

“Мен дінаралық диалогты, мемлекеттердің бірлігі мен жақындасуын ілгерілету тұрғысынан осы келелі жиынды тағатсыздана күтемін. Мұның қазіргі уақытта мәні өте зор”, — деді Католик шіркеуінің басшысы.

Ол қазіргі күрделі геосаяси жағдай кезінде әлемде бірлік пен келісімге қол жеткізудің аса маңызды екенін атап өтті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз