Иран басшылығы елдің бұрынғы президенті Махмуд Ахмадинеджадты желтоқсан айының соңында басталған қарсылық шерулерге қолдау білдіріп, арандатушылық жасағаны үшін тұтқындады деп хабарлайды араб тілінде шығатын Al-Quds Al-Arabi басылымы.
Тегерандағы «сенімді ақпарат көздеріне» сілтеме жасаған басылым Ахмадинеджадтың 28 желтоқсан күні Бушер қаласында «осы күнгі кейбір шенеуніктің халықтың жоқ-жітігінен хабары жоқ және олар қоғамдағы шынайы жағдайдан бейқам өмір кешеді» деп, қазіргі президент Хассан Руханиге «елді нашар және бұрыс басқарады» деген айып таққанын жеткізді.
Ахмадинеджадтың Ширазда тұтқындалғанын мәлімдеген басылым оның қашан қамауға алынғанын айта алмады. Алайда тұтқындау туралы ордердің елдің рухани көсемі Али Хаменеидің мақұлдауымен шығарылғаны атап өтілді.
Reuters Ислам революциясының Сақшылар Корпусына сілтеме жасай отырып, Иран билігінің наразылық шерулерін басқанын хабарлады.
Иранның Fars агенттігі болса, ресейліктерге тиесілі Telegram мессенджері бұғаттаудан шығарылғанын жазды.
Парсылардың ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Жоғары кеңесінің шешімі бойынша, қарсылық шерулері басталған сәтте «телеграмға» тосқауыл қойылған болатын. Ал содан бір күн бұрын кеңес Instagram желісін де ел аумағында жауып тастаған еді.
Иранның ішкі қауіпсіздік күштерінің ресми өкілі Саид Монтазер әл-Махдиге сілтеме жасаған Fars биліктің шерулерде ұсталған азаматтардың ақшалай кепіл жарнасын төлегеннен кейін босатылғанын мәлімдеді.
28 желтоқсан Иранның бірқатар қаласында үкіметке қарсы шерулер басталды. Елдің ең үлкен екінші қаласы Мешхедте бастау алған наразылық шаралары бас қала Тегеран мен басқа да ірі қалаларда жалғасын тапты. Бастапқыда демонстранттар бағаның қымбаттауына қарсылық білдірді, кейіннен экономикалық ұрандар айта бастаған ереуілдеушілер үкіметтің отставкаға кетуін талап етті.
Билік шерулерді күшпен басты. Тәртіпсіздіктер кезінде 20 адам мерт болып, жүздеген азамат тұтқындалды.
Билік ереуілдерге қабаттасып, елдің бірнеше қаласында үкіметті қолдайтын шерулер ұйымдастырды.
Ресми Тегеран наразылық акцияларының Америка және оның батыстық серіктестерінің айтағымен басталғанын алға тартты. Құрама штаттардың президенті Дональд Трамп болса, тиісті уақыт келгенде Иранға қолдау білдіретінін айтты.