Тоқаев Бішкекте өтетін ЕЭО форумына онлайн қатысады

0
301
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Қырғызстан президенті Садыр Жапаров. Photo: Akorda.kz

26 мамырда Бішкекте Еуразия экономика одағының алғашқы экономикалық форумы басталды. Түстен кейін ұйымға мүше мемлекет басшыларының пленарлық отырысы онлайн-режимде өтеді.

“Отырысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев онлайн форматта қатысады, Армения, Беларусь, Ресей басшылары Бішкекке келген жоқ”,- деп хабарлайды  RFE/RL Қырғыз редакциясы.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан президенті Садыр Жапаров келіссөз өткізіп, екіжақты құжаттарға қол қойды.

Бұған дейін Қырғызстан Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары Арзыбек Кожошев екі мемлекет басшысының кездесуінде шекарадағы жүк тасымалының проблемалары сөз болатынын хабарлаған.

Биыл сәуір айында Қырғызстанның Қазақстанмен шекарасындағы “Ақ – Тілек” кеденінде жүк көліктерінің кезегі пайда болған. Бішкек “Қазақстан Еуразия экономика одағының жүк тасымалы жөніндегі шартын орындамай отыр” деп есептейтінін білдірген. “Ақ – Тілек” кеденіне екі ел үкіметі төрағаларының орынбасарлары келген соң ғана кезек азайған.

Алайда мамыр айында Қазақстан Қырғызстанмен арадағы контрабанда көбеюіне байланысты жүк көліктеріне бақылауды күшейтетінін мәлімдеген.

Қос көрші елдің шекарасындағы жүк тасымалы мәселесі жиі қайталанатынымен есте қалған. Түрлі жағдайларға байланысты Қазақстан Қырғызстанның жүк көліктеріне тексерісті күшейтіп, кейде шекараны жауып тастайтыны байқалған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Мұнда аты-жөніңізді енгізіңіз